Бүгін Түркия мен Ливия тау-кен өндірісі, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында екіжақты келісімге қол қойды.
Түркия Сыртқы экономикалық қатынастар кеңесі Түркия-Ливия Іскерлік кеңесі, Ливияның Ұлттық кен өндіру компаниясы, Ливия көрмелер мен конференциялар басқармасы және «Emaar Libya Holding» тарапынан қол қойылған бұл келісім аталмыш үш саладағы екіжақты сауда көлемін арттыруды да көздейді.
Келісімге Түркия-Ливия Іскерлік кеңесінің төрағасы Муртаза Каранфил мен «Emaar Libya Holding» компаниясының бас директоры Фуад әл-Аввам қол қойды.
Каранфил өз сөзінде Түркия мен Ливия арасындағы қарым-қатынастың терең тарихи негізі бар екенін атап өтті.
Әсіресе өнеркәсіп саласына басымдық берген және құрамында 30 компаниясы бар «Emaar Holding» компаниясымен келісім жасалғанына тоқталып, компанияның Ливияның шығысы және оңтүстік өңірлерінде көптеген инвестициялық жобаны жүзеге асырып, жұмыс орындарын ашқанын жеткізді.
Каранфил: «Ливияның шығыс бөлігімен қарым-қатынасты дамыту бағытында «Emaar Holding»-пен жасалатын ынтымақтастық бізге үлкен мүмкіндік береді», – деді.
«Сауда көлемін ұлғайтқымыз келеді»
Каранфил Aнадолы агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында, 2014 жылдан кейін Солтүстік Африка еліндегі тұрақсыздық салдарынан Түркияның Ливияға экспорты 2,5 миллиард долларға дейін төмендегенін және соңғы 10 жылда осы деңгейде сақталғанын айтты. Оның айтуынша, қазіргі жалпы сауда айналымы шамамен 4 миллиард долларды құрайды.
Каранфил қол қойылған келісім арқылы Ливияның шығысымен ынтымақтастықты дамыту көзделіп отырғанын айтып, «Сауда көлемін одан әрі арттырғымыз келеді»,- деді.
Соңғы жылдары Ливияның оңтүстігінде ашылған бай кен орындарына назар аударған ол: «Біз оларға әсіресе оңтүстікте орналасқан кен орындарының карталарын және олар үшін маңызды инвестиция мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін бізге хабарлауды сұрадық. Бұған жауап ретінде компанияларымызбен Ливияның шығыс өңіріне барып, қажет болған жағдайда «B2B» кездесуін ұйымдастырып, түрік тау-кен саласын Ливияның шығысымен ұштастыруды мақсат етудеміз»,-деді.
Энергетика саласында түрік компанияларының санын арттыру көзделіп отыр
Каранфил Ливияның оңтүстігі көптеген елдің назарын аударған елеулі кен қорларына ие екенін атап өтіп, былай деді:
«Бүгінде Ливияның тау-кен өндірісі тобына тіркелген небәрі 6 түрік компаниясы бар. Біз бұл санды арттырып, әсіресе энергетика саласында Ливиямен жұмыс істегіміз келеді. Ливия бір жағынан Африкаға ашылған қақпа болса, екінші жағынан Африканың әлемге ашылған қақпасы».
«Emaar Libya Holding» компаниясының бас директоры әл-Аввам да Түркияның экономика және энергетика тұрғысынан өте қуатты ел екенін мәлімдеді.
«Emaar Holding» ретінде біз Түркиямен осы салаларда келісімдерге қол қоямыз. Сонымен қатар түрік нарығын Ливияға әкелу, түрік өнімдеріне арналған тұрақты нарық қалыптастыру және бұл өнімдерді тарату бойынша жұмыстарымыз жалғасып жатыр», – деді әл-Аввам.