Израиль қаңтар айында атысты тоқтату келісімін қабылдағаннан кейін Газа аймағында әуе шабуылдарын қайта бастады. Израиль бұл шабуылдарда ХАМАС-тың ондаған нысанына шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Палестина билік өкілдері кемінде 322 адамның қаза тапқанын хабарлады. Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху бітімгершілік келіссөздерінің алға жылжымауына байланысты шабуыл жасауды бұйырғанын айтты. Ресми өкілдер бұл шабуылдардың кеңейтілуі мүмкін екенін, Ақ Үй бұл әрекеттерден хабардар екенін және Израильдің әрекеттерін қолдайтынын жеткізді.
«Израиль енді ХАМАС-қа қарсы әскери күшін арттырады», – деді Нетаньяхудың кеңсесі.
Бұл шабуыл Рамазан айындағы тыныштықты бұзып, 17 айлық соғыстың қайта басталу қаупін арттырды. Сонымен қатар ХАМАС-тың қолындағы шамамен жиырма шақты израильдік тұтқынның тағдырына қатысты алаңдаушылық туындатты.
ХАМАС Нетаньяхуды “Бітімгершілік келісімін бұзды және тұтқындардың тағдыры белгісіз жағдайда”, - деп айыптады. Ұйым араағайын елдерді Израильді «келісімді бұзғаны үшін толық жауапкершілікке тартуға» шақырды.
Шабуылдар Нетаньяхуға ішкі қысым күшейіп жатқан кезде болды. Оның тұтқындар дағдарысын басқаруы және Израильдің ішкі қауіпсіздік агенттігінің басшысын жұмыстан босату шешімі үшін жаппай наразылықтар жоспарланған.
Газа ауруханаларына жараланғандар жеткізілуде
Хан Юнис қаласында жарылыстар мен түтін бұлттарын байқаған “AP” тілшілері жедел-жәрдем жараланғандарды Нассер ауруханасына жеткізгенін, кейбір науқастар жерде айқайлап жатқанын, басынан жарақаттанған бала, қолы қанға боялған кішкентай қыз жылап отырғанын жеткізді.
Израиль Рафах қаласындағы бір үйге жасалған шабуылда бір отбасының 17 мүшесін өлтірді. Оның ішінде кемінде 12 әйел мен бала бар. Ал еуропалық аурухана мәйіттерді қабылдағанын хабарлады. Қаза тапқандардың арасында бес бала, олардың ата-аналары және тағы бір әке мен оның үш баласы болған.
Көптеген палестиналық ақпан айының басында бітімгершіліктің екінші кезеңі бойынша келіссөздер басталмастан соғыстың қайта басталуын күткендерін айтты. Израиль 2 миллион палестиналыққа азық-түлік, жанармай және басқа да көмекті тоқтатып, ХАМАС-ты қысымға алуға тырысты.
АҚШ Израильді қолдап, ХАМАС-ты айыптады
Ақ Үй қайта басталған соғыс үшін ХАМАС-ты кінәлады. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Брайан Хьюз «ХАМАС тұтқындарды босатып, бітімгершілікті ұзартуға мүмкіндік бере алар еді, бірақ бұдан бас тартып, соғысты таңдады» деді.
Мысыр мен Катардың арағайындылығына басшылық еткен АҚШ елшісі Стив Уиткофф ХАМАС-ты тұтқындарды дереу босатуға шақырып, “Әйтпесе ауыр зардаптарға тап болады»,- деп ескерткен болатын.
Қорғаныс министрі Израиль Кац «Егер тұтқындар босатылмаса, Газа тозаққа айналады. Біз барлық тұтқындарымыз үйге оралмайынша және мақсатымызға толық жетпейінше күресті тоқтатпаймыз», – деді.
Бітімгершіліктің екінші кезеңі бойынша келіссөздер тоқтап қалды
Шабуыл екі ай бұрын соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойылғаннан кейін жасалды. Алты апта ішінде Хамас 2000-ға жуық палестиналық тұтқынға айырбас ретінде 25 израильдік кепіл мен тағы сегіз адамның мәйітін тапсырған болатын.
Нетаньяхудың кеңсесі сейсенбі күні “ХАМАС біздің тұтқындарды босатудан бірнеше рет бас тартты және АҚШ президентінің елшісі Стив Уиткофф пен араағайынды елдердің ұсыныстарын қабылдамады» деп мәлімдеді.
ХАМАС өкілі Тахер Нуну Израиль шабуылдарын сынға алды. «Халықаралық қоғамдастық моральдық сынақ алдында тұр: не басқыншы армия жасаған қылмыстардың қайта жандануына көз жұмады немесе Газаның жазықсыз халқына қарсы агрессия мен соғысты тоқтату туралы міндеттемесін орындайды», - деді ол.