Оңтүстік Кореяның ақпарат құралдары сенбі күні елдің биліктегі партиясы бұрынғы премьер-министр Хан Дак Суды президенттікке кандидат ретінде таңдағанын хабарлады.
«Yonhap» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, таңқаларлық шешім Хан мен Халықтық билік партиясы арасындағы келіссөздерден кейін қабылданған. Халықтық билік партиясы бұған дейін Ким Мун Суды кандидат ретінде ұсынған болатын.
Халықтық билік партиясы Кимнің кандидатурасын жою процесін бастау үшін шұғыл жиналыс жасауға шақырды. Ресми шешім жексенбі күні жарияланады деп күтілуде. Ким бұл әрекетті қатаң сынға алып, оны «түн ортасындағы саяси төңкеріс» деп сипаттады.
Ким сенбі күні Сеулдегі сотқа Халықтық билік партиясы басшылығының шешіміне тосқауыл қою үшін шұғыл өтініш берген. Ким бұған дейін үміткерліктен айыру шешіміне қарсы заңды және саяси шаралар қолданатынын айтқан болатын.
«Түн ортасында саяси төңкеріс жасалды. Бұл антидемократиялық әрекет Оңтүстік Кореяның конституциялық тарихында ғана емес, әлем тарихында да бұрын-соңды болмаған оқиға», - деді Ким Мун Су.
«Мен бұл жағдайға жауаптыларды заңды және саяси жауапкершілікке тартуға мәжбүрлеймін», - деп ескертті Ким.
Конституциялық сот бұрынғы президент Юн Сук Ёлды қызметінен алып тастағаннан кейін 3 маусымда Оңтүстік Кореяда кезектен тыс президент сайлауы өтеді.
«JoongAng Ilbo» газетінің соңғы сауалнамасына қарағанда Демократиялық партияның кандидаты Ли Чжэ Мён 47 пайыз қолдаумен саяси додада көш бастап тұр, одан кейін 23 пайызбен Хан, 13 пайызбен Ким және 4 пайызбен Реформалар партиясының кандидаты Ли Джун Сок тұр.