Жұма күні қатарынан алтыншы рет Порт-Суданға ұшқышсыз ұшақпен шабуыл жасалғанын растаған әскерилердің бір дереккөзі бұл шабуылдар үшін 2023 жылдың сәуірінен бері үкіметтік армиямен соғысып келе жатқан Жедел Қолдау Күштерін айыптады.
«Қаладағы кейбір нысаналарға соққы жасаған дұшпан дрондарының бір бөлігін әуе қорғаныс жүйелеріміз тоқтатып үлгерді»,- деді аты-жөнін атамауды сұраған әскери дереккөз.
Куәгерлердің хабарлауынша, үкімет қолдайтын билік мекемелері орналасқан және елдегі негізгі гуманитарлық көмек беру орталығы болып саналатын Порт-Суданның әр аймағына шабуыл жасалған.
Бұған дейін армия мен Жедел Қолдау Күштері арасындағы қантөгіс қақтығыстардан алыс, қауіпсіз аймақ ретінде қарастырылған бұл портты қала жексенбіден бері дрон шабуылдарының нысанына айналды.
Үлкен нысандарға зақым келтірілді
Ұзақ қашықтықтағы қарулармен жасалған шабуылдар елдегі жалғыз халықаралық әуежайға, жұмыс істеп тұрған ең ірі жанармай қоймасына және қаланың басты электр станциясына зақым келтірді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің баспасөз хатшысының айтуынша, елге гуманитарлық көмек кіруінің басты қақпасы саналатын портқа бағытталған бұл шабуылдар «гуманитарлық қажеттілікті арттырып қана қоймай, елдегі көмек көрсету жұмыстарын одан әрі күрделендіру қаупін тудырады.»
Екі жылдан астам уақытқа созылып келе жатқан бұл азаматтық соғыс он мыңдаған адамның өмірін жалмап, 13 миллионға жуық адамды босқынға айналдырды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл жағдайды әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарыс деп сипаттады.