Түркияның Сыртқы істер министрінің орынбасары Бурханеттин Дуран Анталияның туристік Белек ауданындағы «NEST» Конгресс орталығында өткен төртінші Анталия дипломатия форумында Түркияның Африкадағы дипломатиялық және экономикалық ықпалының артып келе жатқанына тоқталды.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның қолдауымен және Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның басшылығымен ұйымдастырылған форумға 155 елден мемлекет басшылары, министрлер, дипломаттар, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдерінен тұратын 6,000-нан астам қатысушы келді.
Форумның ресми жаһандық коммуникация серіктесі «Анадолы» агенттігіне берген сұқбатында Дуран форумның инклюзивті сипатын ерекше атап өтті.
«Президентіміздің қолдауымен, Сыртқы істер министріміз Хакан Фиданның басшылығымен ұйымдастырылған дипломатия форумының ерекшелігі - әлемдегі әртүрлі платформалар мен форумдарда жеткілікті түрде бой көрсетпейтін немесе сөз алмайтын саясатшыларға сөйлеу мүмкіндігінің берілуі», – деді ол.
Үш күндік іс-шара барысында Газа, Украина, АҚШ-Қытай-Ресей қатынастары, сауда соғыстары және Еуропа қауіпсіздігі сияқты жаһандық маңызды мәселелер талқыланып, 230-дан астам екіжақты кездесу өтті.
Дуран Африканың форумдағы мықты өкілдігіне тоқталып, жоғары деңгейдегі 82 африкалық шенеуніктің қатысқанын атап өтті.
«82 жоғары деңгейдегі қатысушысымен Африка биыл да Анталия дипломатия форумына айтарлықтай үлес қосты», – деді.
Дуран Түркияның Африканың мәселелеріне африкалықтармен бірге шешім іздеуге, өзара құрметке және пайдаға негізделген саясат ұстанғанын атап көрсетті.
«Түркия Африкада сенімді әріптес. Мұның басты себебі неде десек, біз қарым-қатынастарды тең негізде құрамыз. Тарихымызда отаршылдық болмады. Сондықтан Африка елдеріне үлес қосамыз және олар мұны көргендіктен Түркияға сенім артады», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Соңғы жылдары Түркияның Африкамен сауда көлемі он есеге артып, 3,6 миллиард доллардан 36 миллиард долларға жетті. Аймақтағы түрік инвестициясының көлемі 92 миллиард доллардан асты.
Министрдің орынбасары бұл өсімді Түрік Әуе жолдары, Маариф қоры, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі, сондай-ақ Юнус Эмре институты сияқты ұлттық мекемелердің кең желісімен байланыстырды.
Экономикалық ынтымақтастықтан бөлек, Түркияның қорғаныс өнеркәсібі серіктестіктері мен терроризммен күресті қолдау арқылы Африкадағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қосқан үлесі, Түркияның арағайындық әрекеттері соның ішінде Сомали мен Эфиопия арасындағы 2024 жылғы Анкара декларациясы және жоспарланған бірқатар кейінгі келіссөз де аталып өтілді.
Форумның мақсаттарына кеңірек тоқталған Дуран «Әлемдік мәселелерді тиімдірек талқылауға мүмкіндік беретін платформа ұсыну, оны баршаға ашық ету және адамдардың соғыс немесе қақтығыстардың орнына дипломатияны қабылдауына мүмкіндік беру өте маңызды», - деді.
Батыс елдері форумды мұқият бақылағанына тоқталған ол «Қатысушылардың оларға жеткізгісі келген барлық хабарламаларын алды деген ойдамын», – деді.