Сирияның Сыртқы істер министрі Асад әл-Шайбани Нидерландтағы Халықаралық химиялық қару бақылау ұйымының отырысына қатысқанын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме Асад биліктен кеткеннен кейін үш айға жуық уақыт өткен соң жасалды.
«Бүгін Сирия тарихында алғаш рет Гаагадағы Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының атқарушы кеңесіне қатысудамын», – деді Шайбани сәрсенбі күні “X” желісінде жасаған мәлімдемесінде.
«Бұл қатысу Сирияның халықаралық қауіпсіздікке деген адалдығын көрсетеді және Асад режимінің қолынан қаза тапқан жандардың құрметіне арналған», – деп қосты ол.
Асад Сирияның 13 жылдық азаматтық соғысы кезінде химиялық қаруды қолданды деп бірнеше рет айыпталған болатын. Оның 8 желтоқсанда биліктен кетуінен кейін Сирияның химиялық қару қорының келешегіне қатысты алаңдаушылық күшейді.
Он жыл бұрын Сирия қару қорының жойылуы үшін химиялық қаруларын тапсыруға келіскен еді. Алайда ХҚТҰ бұл декларацияның толық еместігіне және әлі де есепке алынбаған қарулардың бар екендігіне алаңдаушылық білдірді.
Өткен айда ХҚТҰ басшысы Фернандо Ариас жаңа әкімшілік ел билігін қолға алғаннан кейін Дамаскіге жасаған алғашқы сапарында Сирияның уақытша үкіметінің президенті Ахмед әл-Шарамен кездесті.
Бұл сапар Сирияның жылдар бойы ұйымның жұмысына кедергі келтірген химиялық қарудан толықтай құтылуына үміт отын жақты.
Ариас өзінің сапарын «жаңа бетбұрыс» деп атап, «Бұрынғы билік тарапынан 11 жыл бойы жасалған кедергілерден кейін Сирияның уақытша билігі жаңа парақ ашуға мүмкіндік алды», - деді.
ХҚТҰ Асад режимі күйрегеннен кейін Сирияның әскери нысандарына Израильдің қарқынды шабуылынан құнды дәлелдердің жойылып кетуі мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдірді.