Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Ресей президенті Владимир Путиннің қазіргі уақытта АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуді жоспарламағанын хабарлады.
Песков сондай-ақ дүйсенбі күні Стамбулда өткізілуі ұсынылған келіссөздерге қатысты Киевтің жауабы күтіліп отырғанын айтты.
Ресей келіссөз басталмас бұрын бейбітшілік шарттарының орындалуын талап еткен, ал Киев бұл талаптарды «конструктивті емес» деп атаған болатын. Песков: «Менің білуімше, әлі ешқандай жауап алынған жоқ. Украина тарапынан жауап күтуіміз керек», - деді.
Соңғы күндері Путинге қатысты көңілі қалғанын ашық айтқан Трамп сейсенбі күні Ресей басшысын сынға алып, Ресей күштері майданда ілгерілеп жатқан тұста Киевпен бітім келіссөздеріне қатысудан бас тартуы арқылы «отпен ойнап отыр» деп ескерту жасады.
Кремль Трамптың бұл мәлімдемесіне жауап ретінде сәрсенбі күні Путиннің Ресейдің ұлттық мүддесін бәрінен жоғары қоятынын мәлімдеді.
Стамбул — дипломатиялық келіссөздердің «негізгі алаңы»
Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу осы айдың басында екі ел арасындағы үш жылдан кейінгі алғашқы тікелей келіссөздер өткен Стамбулдың Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздер үшін «негізгі алаңға» айналғанын хабарлады.
Шойгу Түркия Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Окай Мемишпен кездесуде: «Стамбул алаңы Қаратеңіз, Қаратеңіз астық келісімі және енді Ресей-Украина келіссөздеріне қатысты барлық бағытта келіссөз жүргізудің негізгі орнына айналып отыр», -деді.
Сонымен қатар хатшының Ресей мен Украина арасындағы тікелей келіссөздерге алаң ұсынғаны үшін Түркия билігіне алғыс білдіргені хабарланды.
Шойгу: «Анкараның делегациялар жұмысына ең қолайлы жағдай жасау, соның ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында айрықша күш жұмсағанын білеміз»,- деді.