БҰҰ-ның мәлімдеуінше Израиль шекарасын жапқаннан кейін қоршаудағы Газа секторында азық-түлік бағасы 100 есе өскен. «Гуманитарлық көмек бойынша серіктестеріміздің айтуынша кеше Газадағы өткелдердің жабылуынан кейін ұн мен көкөніс бағасы 100 есе өскен», – деді БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик дүйсенбі күнгі баспасөз мәслихатында. «Біз үлкен жетістікке жеттік. Осы бағытта жалғастырайық», – деп атап өтті БҰҰ өкілі.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың гуманитарлық көмекті тоқтатудың себебі ретінде ХАМАС-тың көмекті сатуы туралы сұраққа жауап берген Дюжаррик «Жергілікті әріптестерімізден мұндай ақпарат түскен жоқ. Біз атысты тоқтату келісімінен кейін гуманитарлық көмектің еркін және тікелей жеткізілуін байқадық, бұрынғыдай тонау жағдайлары тіркелмеді», – деді.
Израильдің шабуылы
Израиль қоршаудағы Газа секторында 48400-ге жуық палестиналықты өлтірді. Олардың көбі әйелдер мен балалар. Аймақтың күл талқанын шығарған шабуылдар атысты тоқтату және тұтқын алмасу келісімі аясында 19 қаңтарда тоқтатылған болатын. Алайда Израиль жексенбі күні атысты тоқтату келісімінің алғашқы кезеңі аяқталғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң Газаға гуманитарлық көмектің кіруін тоқтатты.
Өткен қарашада Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мен бұрынғы Қорғаныс министрі Йоав Галлантқа Газа секторындағы әскери және адамзатқа қарсы қылмыстары үшін ордер шығарған болатын. Сондай-ақ Израиль Газа секторындағы соғысы үшін Халықаралық сотта геноцид ісімен бетпе-бет келуде.