Белсенділердің айтуынша, Кенияның жеңіл атлетика чемпионы Агнес Тироптың қайғылы қазасынан екі жыл өткен соң басты күдіктінің кепілдікпен босатылып, із-түссіз жоғалуы — Кенияда жыныс негізіндегі зорлық-зомбылық құрбандарына жүйелі түрде көмек көрсетілмей отырғанының айқын көрінісі.
“Silencing Women Project” деп аталатын үкіметтік емес ұйым былтыр елдің 47 өңірінің тек 10-ында 170 әйелдің өлтірілгенін тіркеген. Бұл көрсеткіш "Кения әйелдері үшін ресми жазбалардағы ең қанды жыл" ретінде сипатталды.
Әйелдерді өлтіру (фемицид) — көбінесе құрбанның серіктесі, күйеуі немесе туысы тарапынан жасалатын, әйелдің жынысына байланысты қылмыс.
2021 жылдың қазан айында 10 000 метр қашықтықта әлем чемпионатында екі мәрте қола жүлде алған Агнес Тироптың өлімі соңғы жылдардағы ең шулы әйел өлтіру оқиғаларының біріне айналды. Бұл оқиға елдегі құқықтық жүйенің олқылықтарын да әшкереледі.
Тироптың күйеуі 45 жастағы Ибрагим Ротич басты күдікті деп танылды, бірақ 2023 жылдың қараша айында 400 000 кения шиллингіне (сол кездегі шамамен 2 700 АҚШ доллары) кепілдікпен босатылды.
Құрбанның әкесі Винсент Тироп бұл шешімнің оны “төбесінен жай түскендей күйге” түсіргенін айтты.
“AFP” агенттігіне берген сұхбатында қайғыдан қан жұтқан әке: “Біз қызымыз үшін әділет іздеп жүргенде үміт артқан жүйенің сатқындығына ұшырадық”, – деді.
Ротич кісі өлтірілгеннен бір күн өткен соң қылмыс орнынан 800 шақырым (500 миль) қашықтықта орналасқан портты қала Момбасада ұсталған еді.
Отбасының адвокаты Ричард Вариги мәлімдегендей, тергеуші Ротичтің екі жыл тергеу изоляторында отырған соң кепілдікпен босауға заңды құқығы болғанын атап өткен.
Содан бері үш сот отырысы өткен, алайда апта сайын полицияға келіп белгі беруі тиіс болған Ротич біржола ғайып болды.
Қыздың әкесі Винсент Тироп: “Енді ол қашып кетті, қазір оның қайда екенін ешкім білмейді”, – деп қынжылды.
“Толықтай немқұрайлылық”
Әйел құқықтарын қорғаушы белсенді Рейчел Мвикали:
“Егер мұндай жағдай елге танымал спортшының ісінде болып жатса, көпшілікке көрінбейтін істердің қалай қаралатынын елестетіп көріңіз. Бұл – полицияның, сот жүйесінің және үкіметіміздің сәтсіздігі”, – деді.
“Silencing Women Project” ұйымының қызметкері Заха Индимули болса, полицияның әйелдерді өлтіру істерін қарауында “толықтай немқұрайлылық” бар екенін атап өтті.
Индимулидің айтуынша, оқиғаларға қатысты уақыт пен күн сияқты деректер жиі қате тіркеледі, жәбірленушілер көбінесе еленбей қалады, ал баспана тапшылығына байланысты қауіп төнген әйелдердің көбі үйіне қайтуға мәжбүр болады.
Аталған айыптауларды Кения полициясының жыныстық қылмыстар бөлімі басшысы, бас инспектор Джуди Ламет жоққа шығарды. Ол полиция қызметкерлерінің қазіргі таңда жынысқа негізделген зорлық-зомбылыққа қатысты жан-жақты даярлықтан өткені және отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған тегін жедел желі жұмыс істейтіні жөнінде мәлімдеді.
Кенияда 2022 жылдан бері жынысқа негізделген зорлық-зомбылық істерін қарауға арналған үш арнайы сот құрылды. Алайда “Amnesty International” ұйымының өкілі Зайна Комбо сот-медициналық зертханалар мен прокурорлар кеңселерінің аса ауыр жүктемемен жұмыс істеп жатқанын айтады.
“Silencing Women Project” хабарлауынша, істердің сотқа жетуінен бастап шешім шығуына дейін шамамен төрт жыл уақыт кетеді.
“Жыныстық негіздегі зорлық-зомбылық істері тасбақа жылдамдығымен қаралады”, – деген Комбо бұл жағдайды “саяси ерік-жігердің жоқтығымен” байланыстырды.
Кения президенті Уильям Руто жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы жұмыс тобы құрылатынын уәде еткен болатын. Алайда Комбо бұл уәдеге күмәнмен қарап, “Кения әлі де патриархалды қоғам”, – деп мәлімдеді.
Мұң шеруі
Осы арада Кенияда фемицид істері көбейіп келеді. Осы айдың басында Найроби маңындағы университетте бір студентке пышақпен шабуыл жасалып, екіншісінің денесі су қоймасынан табылғаннан кейін шам жарығындағы үнсіз еске алу шарасы (мұң шеруі) өткізілді.
Наразылық шарасын ұйымдастырушылардың бірі Диана Некеса кейбір ер студенттердің қатысуын үміт ұялататын жайт деп бағалап: “Барлық (ер) студенттер бізді қолдады деп айта алмаймын, бірақ біраз бөлігі шараға қатысты”, – деді.