Бидай тиеген жүк кемесі Сирияның солтүстік-батысындағы Латакия портына тоқтады. Бұл өткен жылы Башар Асад режимі құлағаннан кейін елге жасалған алғашқы бидай жеткізілімі болды.
“SANA” мемлекеттік ақпарат агенттігі жексенбі күні жариялаған мәлімдемесіндe «Сирияның азаттығы мен бұрынғы режимнің құлауынан кейінгі алғашқы бидай жеткізілімі Латакия портына келіп жетті», – деді.
Алайда агенттік жеткізілімнің нақты қай елден келгенін немесе оның көлемін хабарлаған жоқ.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Сирия үкіметі биыл наурыз айында 200 мың тонна бидай сатып алу үшін тендер жариялаған. Бұл Асад режимі құлағаннан бергі ең ірі сатып алу әрекеті болды.
Бұрынғы режимнің желтоқсан айында күйреуінен кейін Ресей Сирияға бидай экспортын тоқтатып, Асад билігі кезінде бірнеше жылға созылған тұрақты жеткізуді доғарды.
Мұның орнына Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен үйлестірілген «Украинадан бидай» гуманитарлық бастамасы аясында Сирияға 500 тонна ұн жіберілгенін хабарлады.
Осы аралықта жаңадан құрылған Сирия үкіметі елдің бидайға деген сұранысын қамтамасыз ету және сауда байланыстарын қалпына келтіру бағытында әсіресе көршілес Түркиямен ынтымақтастықты арттыруда.
Түркия Ұн өндірушілері федерациясының төрағасы Ерхан Гүнхан Улуcой ақпан айында «Анадолы агенттігіне» берген сұхбатында Түркияның 2025 жылы Сирияға 400 мың тоннадан астам бидай ұнын экспорттауы жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Шамамен 25 жыл бойы Сирияны басқарған Асад желтоқсан айында Ресейге қашып, Баас партиясының 1963 жылдан бері жалғасып келген ондаған жылдық билігіне нүкте қойылды.
Қаңтар айының соңында Сирияда уақытша үкімет құрылып, елдің конституциясы, қауіпсіздік мекемелері, қарулы топтары, парламенті мен Баас партиясы таратылды.
САЯСАТ
2 минут оқу
Сирия Асад режимі құлағаннан кейін алғаш рет Латакия портында бидай жеткізілімін қабылдады
Жеткізілімнің қайдан келгені немесе кемедегі бидай көлемі туралы нақты ақпарат берілген жоқ.

/ Reuters
22 Сәуір 2025
Іздеу