Президент Режеп Тайып Ердоған 2024 жылдың Түркия үшін маңызды жетістіктерге толы жыл болғанын атап өтті. Түркия Экспортшылар Ассамблеясы ұйымдастырған іс-шарада сөйлеген сөзінде ол өткен жылдың экспорт көлеміне назар аударды. Экспортшылар Ассамблеясының дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесіне қарағанда, 2024 жылы ең көп экспорт жасаған 10 компания қатарында «Ford», «Toyota», «Türkiye Petrol Rafinerileri», «Kibar Dış Ticaret», «Star Rafineri», «TGS Dış Ticaret», «Oyak-Renault», «Vestel», «Arçelik» және «Baykar» бар.
Президент Ердоған Түркияның инвестиция, жұмыспен қамту, өндіріс және экспортқа бағытталған өсу стратегиясының арқасында экономиканың 2024 жылы 3,2 пайыз өскенін және бұл қарқынның 2025 жылы да жалғасатынын айтты. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Түркия экономикасы өткен жылға қарағанда 2 пайызға өскенін және бұл өсу сериясының 19-шы тоқсаны екенін еске салды. Орта мерзімді бағдарламаның Түркияның сыртқы ресурстарға тәуелділігін азайту арқылы құрылымдық тұрақтылығын арттырғанын және ел экономикасындағы кейбір мәселелерді барынша азайтқанын атап өтті.
Ол соңғы үш айда болған көптеген қиындыққа қарамастан, бағдарламаның өзгермегенін және өзінің тұрақтылығы мен сенімділігін сақтап қалғанын айтты. Сондай-ақ мамыр айының басынан бері Түркияның қаржы резервтерінің қайта арта бастағанын, Түркияның тәуекел деңгейі төмендегенін, ал түрік лирасына деген сенім артқанын да атап өтті.
2024 жылдың экспортта рекорд жылы болғанына тоқталған Ердоған «2024 жылы 262 миллиард доллар көлеміндегі экспортпен рекорд жаңардық. Жаһандық экспорттағы үлесімізді 1,07 пайызға арттырдық. Өткен жылы 1 миллиард доллар және одан жоғары экспорттаушы компаниялар саны 18-ге, ал 100 миллион доллар және одан жоғары экспорттаушы компаниялар саны 302-ге өсті», - деді. Ол елдің 2025 жылы да осы қарқынмен өсуді жалғастыратынын және мамыр айында экспорттың өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 2,7 пайызға артып, 24,8 миллиард долларға жеткенін, бұл ел тарихындағы ең жоғары айлық экспорт екенін мәлімдеді.
Қорғаныс саласы
Президент Ердоған «Қорғаныс және авиация, тұрмыстық техника, автомобиль және энергетика сияқты көптеген салада әлемнің жетекші өндірушілерінің біріміз»,- деді.
Президент 2002 жылы қорғаныс және авиация экспортының 248 миллион доллар болғанын, 2024 жылы тек Түркияның қорғаныс өнімдері айналымының 15 миллиард доллардан асқанын және 180 ел мен аймаққа 6,7 миллиард долларлық өнім экспортталуы үлкен мақтаныш екенін айтты. НАТО және қызмет саласындағы экспортты қоса алғанда Түркияның жалпы экспортының 7,1 миллиард долларға жеткенін хабарлады.
«Біз қарулы және қарусыз ұшқышсыз ұшу аппараттары бойынша әлемдегі жетекші елдердің біріне айналдық», - деді президент.
Сондай-ақ әлемде сатылған әрбір үш ұшқышсыз ұшақтың екеуін түрік фирмалары шығаратынын және Түркияның құрлықтағы броньды көліктер саласында да әлемдік брендке айналғанын айтты. Ердоған отандық соғыс ұшағы «КAAN»-ға деген сұраныстың алдағы жылдарда артатынына тоқталып, «Ұшқышсыз ұшатын аппараттардағы жетістігімізді соғыс ұшақтарында да қайталаймыз»,- деді.
Жаһандық мәселелер
Кедендік тосқауылдары арқылы жүргізілген сауда соғыстарының қазіргі белгісіздікті одан әрі тереңдеткенін атап өткен Ердоған «Экономикадан жаһандық саясат пен әлеуметтік тепе-теңдікке дейін көптеген салада тәуекелдер артып, қауіптер әртараптанған үдеріспен бетпе-бет келіп отырмыз»,- деді.
«Әсіресе аймағымызда біз күн сайын жаңа шиеленістерді көріп отырмыз. Мұны бәріміз білеміз: тепе-теңдікті орнату, тұрақтылықты қамтамасыз ету және шиеленістен тұрақтылыққа көшу үшін уақыт қажет», - деп қосты ол.
Түркияның осы жағдайларды ескеріп, жол картасын, болжамдарын және стратегияларын анықтағанын айтты: «Біз әр түрлі жағдайға қарсы дайындалып жатырмыз».