Бұл Трамп президент болғалы үшінші кездесу. Атысты тоқтату келіссөздері жалғасып жатқанымен, Трамп бұл мәселеде Кремльден нәтиже ала алмады.
АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Ресей басшысы Владимир Путиннің Украинамен тұрақты бейбітшілік келісіміне ашық екенін айтты. Бұл мәлімдеме үш жылдан астам уақытқа созылған соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздерден кейін жасалды.
Трамп Мәскеу мен Киевті атысты тоқтату туралы келісімге келуге итермелеуде, бірақ Ресей тарапынан айтарлықтай жеңілдіктерге қол жеткізе алмады. Бұл мәселе бойынша Ресей мен АҚШ шенеуніктері арасында бірнеше рет келіссөз жүргізілгенімен, нақты нәтиже байқалмады.
Жұма күні Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Санкт-Петербургте Путинмен кездесті. Бұл қаңтар айында Трамп Ақ Үйге қайта оралғаннан бері олардың үшінші кездесуі болды.
Дүйсенбі күні «Fox News» арнасына берген сұқбатында Уиткофф бейбітшілік келісімінің орнығып келе жатқанын айтты және Путиннің екі маңызды кеңесшісі Юрий Ушаков пен Кирилл Дмитриевтің маңызды кездесуге қатысқанын атап өтті.
«Путиннің талабы – тұрақты бейбітшілік орнату. Сондықтан атысты тоқтатудан бөлек, біз осыған қатысты жауап алдық. Бұл деңгейге жету үшін біраз уақыт қажет болды. Менің ойымша біз әлем үшін өте маңызды нәрсенің қарсаңындамыз », – деді Уиткофф.
Сонымен қатар Ресей мен АҚШ арасындағы сауда келісімдері де келіссөздердің бір бөлігі болғанын айтты.
«Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты аймаққа тұрақтылық әкелетін өте маңызды коммерциялық байланыстар арқылы қайта құруға мүмкіндік бар», – деді ол.
Қарқынды дипломатиялық күш-жігерге қарамастан Трамптың Украинадағы атысты тоқтату жөніндегі басты мақсаты бойынша айтарлықтай ілгерілеу байқалмады. Өткен ай Путин АҚШ пен Украина ұсынған қақтығысты толық және шартсыз тоқтату ұсынысын қабылдамады. Сонымен қатар Кремль Қаратеңіздегі ықтимал атысты тоқтату үшін Батыстың кейбір санкцияларды алып тастауын шарт ретінде қойды.