Жұма күні қабылданып, сейсенбіде Жоғарғы соттың ресми сайтында жарияланған шешімде Зурабишвилидің өтініші "негізді қарауға жатпайтыны" көрсетілді.
Сот сондай-ақ сайлауда көпшілік орын алған "Грузин арманы" партиясының жеңісіне қарсы оппозициядан 30 депутат берген арызды да қабылдамады.
Шешімнің түпкілікті екені және қайта қарауға немесе шағымдануға жатпайтыны атап өтілді.
Жалғасып жатқан наразылықтар
Президент Зурабишвили 19 қарашада Конституциялық сотқа жүгініп, 26 қазандағы сайлау нәтижелерін жою туралы талап арыз берген болатын. Грузин арманы партиясы 53,93% дауыс жинап, 150 орындық парламентте 89 мандатқа ие болды.
Партияның жетекші тұлғалары, оның ішінде Премьер-министр Ираклий Кобахидзе мен құрметті төраға Бидзина Иванишвили сайлау нәтижелерін қанағаттанушылықпен қабылдады.
Алайда Зурабишвили бұл нәтижелерді мойындамай, сайлаудың Ресейдің араласуымен бұрмаланғанын мәлімдеді. Оппозициялық партиялар сайлауды "ұрланған" деп атап, үкіметке қарсы наразылық шерулерін ұйымдастырды. Сондай-ақ Еуроодаққа мүшелік жөніндегі келіссөздер тоқтатылды.
Кобахидзе сайлау нәтижелерін бұрмалау айыптауларын жоққа шығарып, кез келген заңбұзушылықтың басқа елдердегі сайлауларда да кездесетінін атап өтті.
Президент сот шешімі туралы әлі пікір білдірген жоқ.