Анадолы агенттігінің хабарлауынша, Түркия Сыртқы істер министрлігінің ақпарат көздері бейсенбі күні Стамбулда өтетін Ресей-Украина бейбіт келіссөздерін кейінге қалдыру немесе кешіктіру сияқты мәселелердің жоқ екенін айтқан. Өйткені кездесу кестесі әлі нақтыланбаған.
Бұл туралы мәлімдеме Украина президенті Владимир Зеленскийдің Анкарада президент Режеп Тайып Ердоғанмен баспасөзге жабық кездесуі кезінде жасалды. Президенттік кешенде өткен екіжақты кездесу мен делегациялар арасындағы кешкі ас 2 сағат 45 минутқа созылды.
Жиынға Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гүлер, Ұлттық барлау ұйымының директоры Ибрахим Калын және Президенттің сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі бас кеңесшісі Акиф Чагатай Кылыч да қатысты.
Сыртқы істер министрлігінің дереккөздері бейбіт келіссөз кестесі нақтыланғаннан кейін жарияланатынын мәлімдеді.
Зеленский Ресей-Украина бейбіт келіссөздері қарсаңында Ердоғанмен кездесу үшін Анкараға келді. Зеленский мінген ұшақ 12.14 шамасында Анкараның Есенбоға әуежайына қонды.
Зеленскийді әуежайда Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сыбиха мен Анталияда өткен НАТО Сыртқы істер министрлері жиналысына келген Украинаның ресми тұлғалары қарсы алды.
Ресейдің «РИА Новости» ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда Ресей делегациясы да Түркияға сол күні келген.
Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы төрағасы Фахреттин Алтун «X» платформасында «Ердоған мен Зеленский жалғасып жатқан Ресей-Украина соғысына қатысты соңғы оқиғаларды жан-жақты талқылайды деп күтілуде» деп мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар Алтун кездесу барысында Ердоғанның атысты тез арада тоқтату және бейбіт келіссөздердің басталуы қажеттігін атап көрсететінін айтқан еді.