Украина Ресеймен алдағы аптада Стамбулда өтетін келіссөздерге қатысуға дайын екенін мәлімдеді, алайда Мәскеуден бейбітшілікке қатысты шарттарын қамтитын құжатты жіберуді талап етті.
«Украина келесі кездесуге қатысуға дайын, бірақ біз конструктивті пікірталас жүргізгіміз келеді. Бұл Ресейдің жобасын қолымызға алудың маңызды екенін білдіреді», - делінген мәлімдемеде.
Бұл талап Украинаның келіссөздерге қатысуының ресми шарты болып саналатыны бірден анық болған жоқ.
Бұл үндеу Біріккен Ұлттар Ұйымының үш жылға созылған соғыста бейбітшілік үміттерінің «өшуге таяп тұрғанын» ескерткен, ал АҚШ араағайындық әрекеттерінен бас тартып, Ресейге қарсы қосымша санкциялар енгізуі мүмкін екенін хабарлаған тұста айтылды.
Украинаның бейсенбі күні жасаған мәлімдемесі Ресейдің дүйсенбі күні Стамбулда өтетін жаңа келіссөздерге Киевтен әлі жауап күтіп отырғанын хабарлаған соң жарияланды.
Дипломатиялық әрекеттер соңғы айларда жандана түсті, алайда Ресей Украина аумағын бомбалауды жалғастырып, шұғыл бітім жасау туралы үндеулерді қабылдамай келеді.
Мәскеу 2 маусымда Стамбулда тікелей келіссөздердің екінші кезеңін өткізуді ұсынып, онда ұзақ мерзімді бейбіт шешімге қатысты шарттарын қамтитын «меморандум» дайындағанын мәлімдеді. Алайда Украина меморандум көшірмесін алдын ала алмайтын болса, кездесудің мәні болмайтынын алға тартты.
Бұл талапқа жауап берген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украина тарапынан келіссөздер алдында құжат көру жөніндегі ұстамды «конструктивті емес» деп атады.
Украина болса өз бейбітшілік жоспарын әлдеқашан ұсынғанын және Мәскеуден де соны күтіп отырғанын білдірді.
Украина президенті Владимир Зеленский: «Ресей кездесулерді мағынасыз ету үшін барынша тырысуда. Бұл Ресейге жеткілікті санкция мен қысым жасау қажет екенінің тағы бір дәлелі», - деді.
Украина Сыртқы істер министрлігінің өкілі Георгий Тихий Мәскеудің құжат жіберуден бас тартуы «ол жерде қисынсыз ультиматумдар болуы мүмкін екенін көрсетеді» деп мәлімдеді.
Ердоған: «Диалогқа мүмкіндік беріңіз» дейді
Келіссөздердің келесі кезеңін өткізуі күтіліп отырған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған екі тарапты да «диалогқа мүмкіндік беруге» шақырды.
16 мамырда Стамбулда өткен соңғы тікелей келіссөздер тек тұтқын алмасу мен байланыста болуға қатысты нақты емес міндеттемелермен аяқталған еді.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарованың айтуынша, Мәскеу президент көмекшісі Владимир Мединскийдің басшылығымен тағы да дәл сол құрамдағы делегацияны жіберуді жоспарлап отыр.
Мамырдағы келіссөздерден кейін Украина Мәскеуді, соның ішінде Украина бақылауындағы аумақтардан бас тарту талаптарын қоса алғанда ақиқатқа жанаспайтын талаптар қоюмен айыптаған болатын.
Осы орайда АҚШ бейсенбі күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінде Украинаның атысты тоқтату ұсынысы «Ресей үшін мүмкін ең жақсы нәтиже» екенін мәлімдеп, президент Владимир Путиннің бұл келісімді қабылдауы тиіс екенін атап өтті.
АҚШ Ресейден 30 күндік құрлық, әуе, теңіз және маңызды инфрақұрылым бойынша атысты толыққанды тоқтату режимін қабылдауын талап етіп отыр.
«Біз бұл бейбіт бастама және экономикалық пакетті қоса алғанда Ресеймен жұмыс істегіміз келеді. Бұл қақтығыстың әскери шешімі жоқ», - деді АҚШ-тың Қауіпсіздік Кеңесіндегі уақытша өкіл Джон Келли.