Израильдің Газаға қарсы соғысы АҚШ экономикасы үшін табыс көзіне айналды. Тель-Авивке бөлінген рекордтық әскери көмектің 80%-ы америкалық компанияларға қайтып келеді.
АҚШ-тың 2023 жылғы 7 қазаннан бері Израильдің әскери операцияларына және Таяу Шығыстағы басқа да байланысты әрекеттеріне жұмсаған қаржысы шамамен 23 миллиард долларға жетті. Бұл – Вашингтонның 1959 жылы Израильге әскери көмек бере бастаған кезден бері бір жыл ішінде тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш.
Браун университетінің Уотсон институтына қарасты «Соғыс шығындары жобасы» жариялаған зерттеуге сәйкес бұл әскери көмектің шарттары Израиль үкіметінің бөлінген қаржының басым бөлігін америкалық компаниялардан қару-жарақ сатып алуға жұмсауын талап етеді.
Бұл шарт АҚШ-тағы қару өндіруші фирмаларға «тұрақты табыс ағынын» қамтамасыз етіп қана қоймай, елдегі шағын және орта кәсіпорындар үшін «тұрақты өндіріс орындарын» сақтауға мүмкіндік береді.
Зерттеу авторларының бірі, Гарвард университетінің профессоры Линда Дж. Билмес «Әскери көмек бағдарламасы қарудың көп бөлігін АҚШ компанияларынан сатып алуды міндеттейді. Бұл – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тәртіп және АҚШ мұндай көмек туралы сөйлегенде осыны ашық түрде айтып келеді», – дейді.
АҚШ-тың экономикалық мүдделері мен қару саудасы
Израиль – АҚШ-тан «ең аз бақылаумен» қару сатып алуға рұқсат етілген санаулы елдердің бірі. Билместің айтуынша Байден әкімшілігі Израильге берілетін сыртқы көмек шығындарын «АҚШ-та жұмыс мүмкіндіктерін қалыптастыру және қолдау» үшін ақтап отыр.
АҚШ-тың қару өндірушілері азайып бара жатқан қару-жарақ пен оқ-дәрі қорын «қайта толықтыру» мақсатында көптеп жұмысшы алуда. Ақ Үй 2025 жылғы бюджетінде Израильдің «шұғыл ұлттық қауіпсіздік қажеттіліктеріне» бағытталған 92 миллиард долларлық қосымша бюджеттік ұсынысты «Америкадағы жұмыс орындарын сақтап қалу» үшін негіздеп ұсынды.
Бұл жағдай саяси тұрғыдан да маңызды. Демократтар биылғы президенттік сайлауда Республикалық партияның үміткері Дональд Трамппен күрделі сайысқа түспек. Трамп сайлауалды науқанының басты назарын «Байден әкімшілігі кезінде құлдыраған АҚШ экономикасына» және көші-қон саясатына аударуда.
Қару-жарақ өндірушілердің рөлі
Билмес зерттеуіне қарағанда Израильге қару-жарақ және әскери жабдықтар жеткізетін алты ірі компания бар: “Boeing”, “General Dynamics”, “Lockheed Martin”, “Northrop Grumman”, “RTX” (бұрынғы атауы “Raytheon”) және “Caterpillar”. Бұл компаниялар Израильмен «ұзақ мерзімді сауда қатынастарын» жалғастырып келеді және Израиль олар үшін «маңызды тұтынушы» болып саналады.
RTX (бұрынғы атауы Raytheon)
“RTX” – ұшу кезінде бағытын өзгерте алатын, басқарылатын зымырандардың әлемдегі ең ірі өндірушісі. Компания Израильге “F-16” жойғыш ұшақтарына арналған әуе-жер зымырандарын, сондай-ақ “F-15” және “F-16” жойғыштарының қозғалтқыштарын жеткізеді. Бұдан бөлек ол Израильдің қару-жарақ компаниясымен бірлескен “Rafael” жобасына қатысып, «Темір күмбез» әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымыран ұстағыштар шығарады.
“RTX-тің” нарықтық құны 2023 жылғы 7 қазаннан бері шамамен 84%-ға өсті.
Lockheed Martin
Әлемдегі ең ірі қару-жарақ өндіруші компания “Lockheed Martin” Израильге “F-16” және “F-35” жойғыш ұшақтарын жеткізеді. Израиль бұл ұшақтарды Газаға әуеден шабуыл жасау үшін кеңінен қолданады.
Компания сондай-ақ Израильдің құрлық операцияларында қолданатын “C-130 Hercules” әскери көліктерін және “Apache” тікұшақтарына арналған “AGM-114 Hellfire” зымырандарын шығарады.
“Lockheed Martin” компаниясының бас директоры Джим Тайклет 2023 жылдың қазан айында инвесторлармен кездескенде, «Израильдің Газаға қарсы соғысы компанияның болашақтағы табысына оң әсер етеді», – деп мәлімдеді.
Boeing
Әлемдегі төртінші ірі қару-жарақ өндіруші “Boeing” Израиль Әскери-әуе күштері Газа мен Ливандағы соғыстарда белсенді қолданып отырған “F-15” жойғыш ұшақтарын және “Apache AH-64” шабуылдаушы тікұшақтарын шығарады.
Соғыс басталғаннан бері “Boeing” қаржылық жағдайын едәуір жақсартып, қайта тұрақтану кезеңіне өтті.
Басқа компаниялар
“General Dynamics”, “Northrop Grumman” және “Caterpillar” секілді компаниялар да Израильдің соғыс қимылдарына айтарлықтай үлес қосты.
“Caterpillar” әсіресе Газа секторында үйлерді қиратуға арналған брондалған бульдозерлерді өндірумен танымал. “Caterpillar” компаниясының нарықтық құны Израиль Газадағы үйлерді бұза бастағаннан бері 52%-дан астам өсті.