Албания билігі елдегі барлық интернет-провайдерлерге “TikTok” қосымшасын бейсенбіге дейін бұғаттау туралы нұсқау берді.
Электрондық және пошта байланысы агенттігінің мәлімдемесіне сәйкес провайдерлер “TikTok” қосымшасына қатысты “IP” мекенжайлары мен “DNS” серверлерін бұғаттауы тиіс.
Премьер-министр Эди Рама “TikTok” қосымшасын бұғаттау туралы шешімді алғаш рет желтоқсан айында жариялаған болатын. Бұл шешім әлеуметтік желіде басталған жанжалдың Тиранадағы мектеп маңында төбелеске ұласуы салдарынан 14 жастағы оқушының қаза тауып, тағы біреуінің жарақат алуынан кейін қабылданды.
Жастардың таңдауы, пікірталастардың өзегі
Шексіз видео ағынын ұсынатын “TikTok” бүкіл әлем бойынша бір миллиардтан астам белсенді қолданушыға ие болып, әсіресе жастар арасында аса танымал болды.
Алайда Қытайда жасалған бұл платформа үнемі даулы тақырыптардың ортасында қалып отыр. АҚШ-та “TikTok” тыңшылық жасады деген айыптауларға тап болса, Еуропалық Одақ оны Румыниядағы президенттік сайлауда әсіре оңшыл үміткердің пайдасына манипуляция жасады деген күдікпен тергеуде.
Албанияда билік TikTok-ты мектептерде зорлық-зомбылық, соның ішінде төбелестердің күшеюіне ықпал етеді деп айыптады.
Оппозиция тыйымға қарсылық білдірді
Оппозициялық партиялар қосымшаға тыйым салынуы алдағы парламенттік сайлау алдындағы өздерінің үгіт-насихат кампанияларына кері әсерін тигізеді деп мәлімдеп, тыйымға қарсы наразылыққа шақырды.
Әлем бойынша “TikTok” жабық ақпараттық орта қалыптастырумен, ашық емес алгоритмді қолданумен, әсіресе жастар арасында жалған ақпараттың, заңсыз, зорлық-зомбылыққа толы немесе әдепсіз мазмұндардың таралуын ынталандырумен айыпталып келеді.
Пәкістан, Непал және Францияның Жаңа Каледония аймағы сияқты бірқатар ел әртүрлі мерзімге бұл қосымшаны тыйым салған.
Сонымен қатар кейбір елдерде “TikTok” жалған ақпарат бар видеоларды анықтау мақсатында ондаған фактчекинг ұйымдарына қаржы төлейтіні белгілі.