Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи БҰҰ-ның ядролық қадағалау агенттігімен ынтымақтастықты тоқтататын жаңа заңның парламентте мақұлданып, Конституцияны қорғау кеңесі тарапынан бекітілген соң күшіне енгенін хабарлады.
Аракчи мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында: "Парламент қабылдаған және бүгін Конституцияны қорғау кеңесі бекіткен бұл заң біз үшін міндетті және оны орындауға ешқандай күмән жоқ," – деді.
Бұл заң соңғы апталарда Израиль мен АҚШ тарапынан Иранның ядролық нысандарына жасалған шабуылдарға тікелей жауап ретінде қабылданып отыр.
Аракчи қақтығыс кезінде келген залалдың "елеулі" екенін және Иранның Атом энергетикасы ұйымының мамандары қирау көлемін әлі де есептеп жатқанын айтты.
Сондай-ақ өтемақы мәселесі енді үкіметтің басты күн тәртібіне шыққанын атап өтті.
АҚШ-пен келіссөздер жөніндегі мәлімдемелерді жоққа шығару
Осы арада АҚШ шенеуніктері мен мәселеден хабардар дереккөздер Трамп әкімшілігінің Тегеранмен ядролық келіссөздерді қайта бастау үшін құпия дипломатиялық әрекеттер жүргізіп жатқанын айтты.
Әкімшіліктің санкцияларды жұмсарту, шектеулі қорларға қол жеткізу және уран байытуды қамтымайтын 20–30 миллиард долларлық азаматтық ядролық бағдарламаны қолдау сынды нұсқаларды қарастырып жатқаны хабарланды.
АҚШ президенті Дональд Трамп «келіссөздер келесі аптада басталады» деп хабарлады, алайда Аракчи бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды.
Аракчи Тегеранның келіссөз үстеліне отыратыны туралы «саяси алыпқашпа әңгімелерге» тоқтау салып, мұндай сөздердің «елеусіз қалдырылуы керек» екенін айтты.
«Жаңа келіссөздерді бастауға қатысты ешқандай келісім, келіссөз немесе әңгіме болмағанын ашық айтқым келеді. Келіссөздер бастау туралы әзірге ешқандай жоспар жоқ», – деді ол.
Израильмен соғыстағы бітімнен кейін алғаш рет сөйлеген Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи Израильге қарсы Иранның "жеңісін" мадақтап, АҚШ-тың қысымына ешқашан мойынсұнбайтынын мәлімдеді және Вашингтонның қорлайтын "соққы" алғанын айтты.
«АҚШ президенті жағдайды орынсыз асыра көрсетті және оның бұл әсірелеуге мұқтаж болғаны анықталды», – деген Хаменеи АҚШ-тың Иранның ядролық бағдарламасын ондаған жыл артқа тастады деген мәлімдемелерін теріске шығарды.
Омандағы келіссөздер
Ақ Үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт АҚШ пен Иранның негізінен делдалдар арқылы тығыз байланыста екенін, алайда әзірге ешқандай тікелей келіссөз жоспарланбағанын мәлімдеді.
«Біз әрқашан дипломатия мен бейбітшілікке басымдық береміз», – деді ол.
Левин сонымен бірге «Иранның уран байытусыз бейбіт мақсаттағы азаматтық ядролық бағдарламамен шектелуін қалаймыз» - деді.
Трамп әкімшілігінің қазіргі көзқарасы бойынша, Иран уранды өзі байытудың орнына сырттан сатып алуы тиіс. Бұл тәсіл Біріккен Араб Әмірліктері қолданған модельге ұқсайды.
Бұған дейін екі ел арасындағы келіссөздердің бесінші кезеңіне дейін жеткені, алайда Израиль шабуылдарына байланысты тоқтатылғаны хабарланған болатын.
Оманда жоспарланған алтыншы кезең өткізілмейтін болды.