Ресей күштері Қаратеңіз жағалауындағы Одесса қаласына түнде жаппай дрон шабуылын ұйымдастырды. Жергілікті билік өкілдері үш адамның жарақат алғанын және көптеген тұрғын үйдің зақымданғанын мәлімдеді.
Одесса қаласының басшысы Геннадий Труханов сейсенбі күні таңертең “Telegram” желісінде жариялаған жазбасында: «Жаудың мақсаты Одесса қаласының тығыз қоныстанған тұрғын аудандары болды», – деп мәлімдеді. Ол өз хабарламасына терезелері шағылған, қабырғалары зақымданған және өрт шыққан үйлердің фотоларын тіркеген.
Облыс губернаторы Олег Кипер шабуыл кезінде үш адамның жарақат алғанын және медициналық көмек көрсетілгенін хабарлады.
Украина Әуе күштері сейсенбі күні түнгі шабуылға байланысты ресми мәлімдемесінде «Ресей түнгі уақытта 54 дронмен шабуыл жасады. Олардың 38-і атып түсірілді, қалған 16-сы радиоэлектрондық күрес құралдарының әсерінен нысанаға жете алмады», – деп мәлімдеді.
Кипердің айтуынша, Одессаға жасалған бұл шабуыл тұрғын үйлерге, азаматтық инфрақұрылым нысандарына, бір оқу орны мен көліктерге зиян келтірген.
Төтенше жағдайлар қызметі таратқан видеоларда зақымданған үйлердің бірінде шыққан ірі өрттің сөндірілгені көрінеді.
Үш ірі порты бар Одесса- Ресеймен үш жылдан астам уақытқа созылған соғыста жиі шабуылға ұшырап келе жатқан қалалардың бірі.