Пхеньян Вашингтонның құны 175 миллиард доллар болатын «Алтын күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі жобасын қатты сынға алып, оның ғарыштағы ядролық қақтығысты өршітуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, елдің Сыртқы істер министрлігі бұл жобаны «аса қауіпті қауіп төндіру әрекеті» деп сипаттады.
АҚШ Президенті Дональд Трамп 20 мамырда «Алтын күмбез» жүйесіне арналған дизайн таңдалғанын және бұл алып бағдарламаға жетекшілік ететін басшы тағайындалғанын жариялаған еді.
Солтүстік Корея Сыртқы істер министрлігіне қарасты Америка зерттеу институты сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде: «Алтын күмбез жоспары “Алдымен Америка” идеологиясының айқын көрінісі. Бұл — менмендіктің, өркөкіректіктің, билеп-төстеушіліктің ең жоғары көрінісі әрі ядролық соғыс сценариі», -деп бағалады.
«Алтын күмбез» жобасы жүздеген спутниктен тұратын жаһандық желіні қолдануды көздейді. Олар алдыңғы қатарлы датчиктер және тосқауылдаушы құралдармен жабдықталып, Қытай, Иран, Солтүстік Корея немесе Ресейден ұшырылған жау зымырандарын іске қосылған сәтінен бастап анықтап, жойып жіберуге бағытталған.
Өткен аптада Қытай бұл жоспарға қатты қарсы шығып, «аса алаңдаулы» екенін мәлімдеп, Вашингтонды жүйені жасауды дереу тоқтатуға шақырды.