АҚШ-тың Йеменнің Худейда уәлаятындағы Рас-Иса жанармай портына жасаған шабуылынан кемінде 38 адам қаза тапты. Олардың ішінде көптеген медицина қызметкері бар. Бұл туралы хоусит тобының «Әл-Масира» телеарнасы хабарлады.
АҚШ әскері «Бейсенбі күнгі портқа жасалған шабуылдың мақсаты Иран қолдайтын хоуситтерді қаржыландыратын көздерді жою»,- деп мәлімдеді.
Вашингтон 15 наурыздан бері Қызылтеңіз бен Аден шығанағындағы азаматтық және әскери кемелерге шабуылдарын тоқтату мақсатында хоуситтерге күн сайын шабуылдауда. Ал хоуситтер шабуылдарын Газадағы палестиналықтармен ынтымақтасу үшін жасауда. Шабуыл 2023 жылдың соңында басталған болатын. Израиль әскері жұма күні Йемен тарапынан атылған зымыранды бейтараптандырды.
АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдемесінде «Бұл шабуылдардың мақсаты - хоуситтерді қаржыландыратын көздерге нұқсан келтіру. Хоуситтер өз азаматтарын азаптауды жалғастыруда» делінген.
Хоуситтерге қарасты Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Анеес Аласбахи бұған дейін жасаған мәлімдемесінде алғашқы мәліметтер бойынша қаза тапқандар саны 20 болғанын және қаза тапқандар арасында бес медицина қызметкерінің бар екенін айтқан болатын.
«Американың шабуылынан кейін Рас-Иса мұнай портында жарақат алған 50 жұмысшы мен қызметкер бар. Қаза тапқандардың денелерін анықтау жұмыстары жалғасып жатқандықтан қаза тапқандар саны артуы мүмкін», - деді Аласбахи.
От шары
АҚШ соққы берген порт Йеменнің батыс жағалауындағы Қызылтеңіздің бойында орналасқан.
Хоуситтердің «Әл-Масира» телеарнасы жұма күні таңертең таратқан АҚШ шабуылының алғашқы көріністерінде кемелердің айналасынан от шары көтеріліп, өрттен шыққан қою түтін назар аударады.
«Азаматтық қорғаныстың құтқару топтары мен дәрігерлер қаза тапқандардың мәйіттерін шығарып, өртті сөндіру үшін барын салуда», - деді Аласбахи.
Израиль 2023 жылдың қазан айында Газаға аяусыз соғыс ашқаннан бері хоуситтер Израильге жүйелі түрде зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасауда.
Израиль армиясының мәлімдемесінде «Израильдің бірнеше аймағында сиреналар естілгеннен кейін Йеменнен ұшырылған зымыран бейтараптандырылды. Қауіпті болдырмау үшін әуе қорғаныс жүйелері орналастырылды»,- делінген.
Хоуситтердің шабуылдары Суэц каналы арқылы тасымалдауды тоқтатты, бұл әлемдегі теңіз тасымалының шамамен 12 пайызын құрайтын маңызды бағыт. Бұл жағдай көптеген компанияны Оңтүстік Африканың жанынан өтетін қымбат әрі ұзағырақ бағытты пайдалануға мәжбүр етті.
АҚШ алғаш рет президент Джо Байден кезінде хоуситтерге қарсы шабуылдарын бастаған болатын. Байденнан кейін Дональд Трамп та хоуситтер халықаралық жүк тасымалына қауіпсіз болғанша әскери әрекеттерін жалғастыратынын айтты.
Францияның Қорғаныс министрі Себастьян Лекорну бейсенбі күні кешке «Қызылтеңіздегі француз фрегаты Йеменнен ұшырылған ұшқышсыз ұшақ апаратын жойды. Қарулы Күштеріміз теңізде әрекет ету бостандығын қамтамасыз етуге дайын» деді.