Бейсенбі күні жасалған мәлімдемеде Қытайдың Филиппиндердегі Елшілігі ЕО-ны Оңтүстік Қытай теңізінде “жағдайды ушықтыруды” тоқтатуға шақырып, Манила билігіне бұл су жолындағы дауларды шешу үшін сыртқы күштерге арқа сүйеуге “үміт артпауға” кеңес берді.
Бұл мәлімдеме ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кая Калластың Филиппин астанасы Манилаға жасаған сапары және Қытайдың кейбір Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен даулы аймақтағы әрекеттеріне алаңдаушылығын білдірген тұста жасалды.
Елшіліктің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде Қытай елшілігінің өкілі: «Еуропа Одағы Оңтүстік Қытай теңізіндегі дау тараптарының бірі емес және Қытай мен Филиппин арасындағы бұл қайшылықтарға араласуға құқығы жоқ», - деді.
Сондай-ақ өкіл ЕО-ны «Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі аумақтық егемендігі мен теңіздік құқықтарын шын мәнінде құрметтеуге және жағдайды ушықтыруды доғаруға» шақырды.
Ал Пекиндегі Филиппин Елшілігі электрондық пошта арқылы жасалған пікір сұранысына жауап бермеді.
Еуропа Одағы мен Филиппин осы аптаның басында Кая Калластың Филиппин Сыртқы істер министрімен кездесуінен кейін жариялаған бірлескен мәлімдемеде Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізінде заңды теңіз навигациясымен айналысатын филиппиндік кемелер мен ұшақтарға қарсы «заңсыз, мәжбүрлеуші, агрессивті және адастырушы әрекеттеріне» қатысты алаңдаушылық білдірді.
Қытай Оңтүстік Қытай теңізінің дерлік барлығына, соның ішінде Бруней, Индонезия, Малайзия, Филиппин және Вьетнамның айрықша экономикалық аймақтарының кейбір бөліктеріне де егемендік құқығын талап етеді.