Түркияның Сыртқы істер министрі әлем бірнеше күш аймағына бөлінген жағдайда, еуропалық көшбасшылардың не істеу керектігін білмей отырғанын атап өтті.
«Ұлыбританияны, кейбір еуропалық елдерді және Түркияны қамтитын жаңа құрылымның аймақта өз тартымдылық орталығын құруы әбден мүмкін», – деді Хакан Фидан бейсенбі күні «TV100» түрік телеарнасына берген сұқбатында.
«Бұл мүмкіндік бар, жағдай жасалған. Бұл тек ерік-жігерді жинап, оны жүзеге асыруға байланысты», – деп қосты Фидан. Ол егер Түркияны 2007-2008 жылдары ЕО-ға қабылдағанда, «Ұлыбритания ЕО-дан шықпауы мүмкін еді» деді. «Түркия мен Ұлыбританияны қамтитын құрылым өз сыртқы саясат және қауіпсіздік архитектурасын әлдеқайда ертерек дамытқан болар еді», – деді ол.
Фидан сондай-ақ ЕО-ның қорғанысына 800 миллиард еуро бөлгенін атап өтті, себебі еуропалық елдер өз қорғаныс мүмкіндіктерін арттыруға тырысуда. “Бұл салада Түркияның жұлдызы жарқырап тұр” деді министр.
«Еуропаның көптеген армиясы Түркияның әскери күштері сияқты мықты емес, себебі Түркияның әскери құралдары соғыс алаңдарында сыналған», – деп атап өтті ол. Министр АҚШ-тың «қауіпсіздік қолшатыры» алып тасталған сайын еуропалықтардың алаңдаушылығының артып отырғанын баса айтты.
ЕО-ға мүшелік басымдық болып қала береді
«TV100» арнасына берген сұқбатында Түркияның Сыртқы істер министрі Түркияның еуропалық елдермен жеке-жеке қарым-қатынасы жақсы жағдайда екенін атап өтті. «Еуропаның барлық елдерімен жалпы сауда көлемі 200 миллиард доллардан асады. Бұл әлемдегі ең теңгерімді сауда көлемі, екі тарап үшін де», – деді ол.
2019 жылы ЕО институттарымен байланыс үзілгеннен кейін қарым-қатынастарды қалпына келтіруде қиындықтар бар екенінатап өткен Фидан ЕО-ға мүшелік Анкара үшін стратегиялық басымдық болып қала беретінін айтты. Алайда ЕО бұл мәселеге осындай көзқараспен қарамайтынын атап өтті.
Украинадағы соғыс
Түркияның Сыртқы істер министрі Ресей мен Украина арасындағы соғыс еуропалық елдер үшін бір-бірін қорғауға дайындықтарын сынақтан өткізетінін атап өтті.
Украинадағы соғысты қалай аяқтау керектігі туралы пікірлердің айырмашылығына тоқтала отырып Фидан: «Украинадағы соғыстың басталуы тараптарды бөлді, ал аяқталуы да бөліп отыр. Түркияның басынан бастап айтқан мәлімдемелерін қазір АҚШ қайталап жатыр», – деді.
Анкара Ресей мен Украина арасындағы үш жылдан астам уақытқа созылған соғысты келіссөздер арқылы тоқтатуға шақырып келеді. Бұл тәсілді қазір АҚШ Президенті Дональд Трамп қайталап отыр.
Фидан Түркияның соғысты араағайындықпен аяқтауды қолдап келген НАТО-дағы жалғыз ел екенін айтты. Ол «шын» бейбіт келіссөздер тек барлық тараптардың қатысуымен ғана мүмкін болатынын атап өтті. Түркияның бейбіт келіссөздерді өткізу үшін тағы да ашық шақыру жасағанын қайталады.