Калифорния әкімі Гэвин Ньюсом АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтеріне қарсы шараларды болдырмау үшін әлемнің басқа елдерімен келісімдер жасауға ұмтылатынын мәлімдеді.
«Калифорния Вашингтон емес, Дональд Трамптың тарифтері барлық американдықтың әсіресе әлемдегі бесінші ірі экономикаға ие Калифорния халқының шешімі емес», - деді әкім.
Қытайдан АҚШ-қа келетін тауарлардың басым көпшілігі Калифорния порттары арқылы өтеді. Штат Мексика және Канадамен үлкен сауда көлеміне ие. Бұл үш ел Калифорния импортының 40 пайызын құрайды және штаттың ең көп экспорт жасайтын елдері.
Трамптың саясатын айналып өту
«Алтын штат Вашингтоннан қандай қауіп келсе де болашақ ұрпақ үшін тұрақты, сенімді серіктес болып қала береді», – деді Ньюсом өз мәлімдемесінде. Бірақ ол Трамптың протекционистік сауда саясатын қалай айналып өтетіні туралы толық мәлімет бермеді.
57 жастағы Ньюсом 2026 жылы сайлау мерзімінің шектелуіне байланысты әкімдікке қайта түсе алмайды. Саяси болашағы белгісіз болса да, 2028 жылы өтетін Демократиялық партияның басшылығына үміткер болуы мүмкін.
Трамп осы аптада 1930 жылдардан бері болмаған жаһандық тариф енгізді. Бұл нарықты рекордтық дәрежеде құлдырауға ұшыратты. Оның соңғы кедендік шешімдерінен кейін Қытайдан шыққан өнімдерге салық көлемі жалпы алғанда 54 пайызға, ал Еуропалық Одақ өнімдеріне 20 пайызға дейін өсті.
Ал жұма күні Қытай американдық тауарларға 10 сәуірден бастап қолданыстағы тарифтерге қосымша 34 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді.
«Біз Трамптың тарифтік соғысы кезінде қол қусырып отырмаймыз», – деп жазды Ньюсом «X» желісінде.
Елдегі 40 миллион тұрғыны бар, халқы ең көп штат Калифорния АҚШ-тың ЖІӨ-нің 14 пайызын құрайды. Егер Калифорния тәуелсіз ел болғанда әлемдегі бесінші ірі экономикаға ие ел болар еді», - деді Ньюсом.
Технологияның бесігі саналатын Калифорния АҚШ-тың жетекші өндіруші және ауыл шаруашылығы штаты. Қаңтар айындағы Лос-Анджелестегі өрттен кейін Калифорниядан жиі импортталған ағаш, болат, алюминий және гипсокартон сияқты құрылыс тауарларының қымбаттауы қаланың қайта құрылуын қиындатуы мүмкін деген алаңдаушылық бар.