Түркия мен Сирия халықаралық жол көлігі бойынша жаңа өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Бұл келісім екі ел арасындағы тікелей құрлықтық тасымалды қайта бастауға мүмкіндік береді, деп мәлімдеді Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі.
Стамбулда өткен Жаһандық көлік байланысы форумында Анадолы агенттігіне сұқбат берген министр Абдулкадир Уралоғлу бұл келісім сенбі күні екі ел арасындағы 2004 жылғы Халықаралық жол көлігі келісімін жаңғыртатынын айтты.
Келісімге сәйкес, жүк көліктері енді тауарларды басқа көлікке ауыстырмай-ақ шекарадан өте алады, бұл сауданы жылдам, оңай және арзан етеді.
«Шекарадағы жүк ауыстыру тоқтатылады, бұл тауарлардың Түркия мен Сирия арасында тікелей тасымалдануына мүмкіндік береді», – деді ол.
Уралоғлу екі елдің транзиттік тасымал операцияларын бастауға да келіскенін айтты, бұл Түркиядан Иорданияға, Сауд Арабиясына, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Катарға және басқа да Парсы шығанағы елдеріне тікелей құрлықтық қатынасты қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Түркия мен Сирияның ресми өкілдері жолаушылар мен жүк тасымалы саласында әртүрлі бағыт бойынша ынтымақтасып, өзара оқу бағдарламаларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
“Түркия мен Сирия арасындағы тасымалдың қайта басталуы екі елдің Еуропа мен Азия арасындағы аймақтық саудадағы орнын нығайтып қана қоймай, Орта дәлізді Парсы шығанағы елдерімен біріктіруге де ықпал етеді”, деп қосты министр.
Өткен жылдың желтоқсан айында Асад режимі құлағаннан кейін, биыл қаңтарда өтпелі үкімет билікке келді. Бұл аймақтық көршілерімен және әлем елдерімен тығыз байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.