Бангладештің уақытша көшбасшысы Мұхаммед Юнус пен Жапония Премьер-министрі Иcиба Cигэру Токиода өткен кездесуде стратегиялық әріптестікті тереңдетуге келісе отырып, қорғаныс ынтымақтастығы, жұмыс күшін тарту және даму көмегі бойынша жаңа келісімдерге қол қойды.
Жұма күні Юнустың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жапония Бангладешке 1 миллиард 63 миллион долларлық бюджет қолдау, теміржолды жаңғырту жобалары және түрлі грант уәде етті. Сондай-ақ Ресми Қауіпсіздік Көмегі бағдарламасы аясында Бангладеш Әскери-теңіз күштеріне бес патрульдік катер беруді мақұлдады.
Екі көшбасшы қорғаныс жабдықтары мен технологияларды беру туралы келісімді мүмкіндігінше тезірек аяқтауға үміт білдірді.
Экономикалық ынтымақтастық шеңберінде Жапония үкіметі мен жеке секторы бейсенбі күні қол қойылған жаңа өзара түсіністік меморандумы аясында алдағы бес жылда кемінде 100,000 бангладештік жұмысшыны жұмыспен қамтуға міндеттеме алды.
Юнус үкіметіне толық қолдау
Юнус Токиоға төрт күндік сапармен келіп, 30-шы “Nikkei Азияның Болашағы Форумына” қатысуда.
Сапар аясында Жапонияның ірі инфрақұрылымдық инвестициялары да қарастырылды. Олардың ішінде терең теңіз порты және Бенгал шығанағындағы Өнеркәсіптік Өсу Белдеуі бастамасы шеңберіндегі жобалар бар.
Екі ел сондай-ақ рохинджа босқындары дағдарысы бойынша ортақ ұстаныммен өз отандарынан қуылған рохинджалардың Мьянмаға «тұрақты, қауіпсіз және ерікті» түрде қайтарылуы қажет екендігін атап өтті.
Қазіргі таңда Бангладеш негізінен 2017 жылдың тамызында Мьянмадағы әскери операциялардан қашқан 1,3 миллионнан астам рохинджа босқынын оңтүстік-шығыстағы Кокс-Базар аймағында паналатып отыр.
Иcиба Cигэру болса Мұхаммед Юнус басқаратын уақытша үкіметке елді қалпына келтіру, реформаларды іске асыру және Бангладеште бейбіт өтпелі кезеңді қамтамасыз ету бағытындағы күш-жігерінде толық қолдау білдіретінін атап өтті.
Екі көшбасшы сондай-ақ барша үшін бейбітшілік, тұрақтылық және ортақ өркендеуді қамтамасыз ету мақсатында Еркін және Ашық Үнді-Тынық мұхиты бойынша ортақ ұстанымдарын тағы да растады.