Жергілікті құтқару қызметінің хабарлауынша, дүйсенбі күні таңға жақын Малайзияның солтүстігінде университет студенттерін тасымалдап келе жатқан автобус шағын автобуспен қақтығысып, кемінде 15 адам қаза тапты.
Тайланд шекарасына жақын көлік қозғалысы қарқынды жүретін Шығыс-Батыс тас жолында болған апат салдарынан оқиға орнында 13 адам, ауруханада екі адам көз жұмды. 31 адам жараланды.
Перак штатындағы апаттарды басқару орталығының өкілі: «Автобус аударылып, шағын автобус жыраға сырғып кеткен» деді.
Мәлімдемеде: «Кейбір кісілер шығып үлгерді, кейбірі сыртқа ұшып кеткен, ал өзгелері әлі де автобуста (қысылып қалған) еді» делінген.
Құтқару тобы автобустағы жараланғандарды шығару үшін гидравликалық кескіш құрал қолдануға тура келгенін мәлімдеді.
Малайзияда жол-көлік оқиғалары жиі болып тұрады. “The Star” басылымы наурыз айында елде әр екі сағат сайын бір адамның жол апатынан көз жұмғанын жазған болатын.