Иран билігі Израильмен арадағы 12 күнге созылған қақтығыстар барысында Израиль шабуылдарының салдарынан кемінде 935 адамның көз жұмғанын мәлімдеді.
Жартылай ресми “Tasnim” агенттігінің хабарлауынша, Иран Сот жүйесінің өкілі Асгар Джахангир дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде қаза тапқандар арасында 132 әйел мен 38 баланың бар екенін айтты.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Израиль шабуылдарында 606 адамның қаза тапқанын, 5 332 адамның жараланғанын хабарлаған болатын.
Джахангирдің сөзінше, Тегеранның солтүстік-батысындағы Эвин түрмесіне жасалған Израиль шабуылдарында 79 адам мерт болған. Олардың арасында тұтқындар, түрме қызметкерлері және маңайдағы тұрғындар бар.
Ол Эвин түрмесінің жарамсыз күйге келгенін және тұтқындардың эвакуацияланғанын айтты. Джахангир бұл шабуылды "негізгі адам құқықтары мен халықаралық қаулылардың ашық бұзылуы" деп атады.
Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс 13 маусымда Тель-Авивтің Иранның әскери, ядролық және азаматтық нысандарына әуе шабуылдарын жасауы нәтижесінде басталды.
АҚШ та қақтығысты өршітіп, Иранның Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы ядролық нысандарын бомбалады.
Тегеран бұған жауап ретінде Израильге зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасады. Иерусалим Иврит университеті жариялаған мәліметке сәйкес, бұл шабуылдар кезінде кемінде 29 адам қаза тауып, 3 400-ден астам адам жараланды.
Қақтығыс 24 маусымда АҚШ-тың араағайындығымен жасалған бітім арқылы тоқтады.