САЯСАТ
5 минут оқу
2024 жылы BRICS-тің өрлеуі үшін бетбұрыс жылы болуының себебі
Блоктың кеңеюі Батыс елдерінің жаһандық саясат пен іскерлік әлеміндегі гегемониясына қауіп төндіруде.
2024 жылы BRICS-тің өрлеуі үшін бетбұрыс жылы болуының себебі
3. mart 2025

Блоктың жаңа мүше мемлекеттерді қамту арқылы жедел кеңеюі АҚШ бастаған Батыс елдерінің жаһандық саясат пен іскерлік әлеміндегі гегемониясына қауіп төндіруде.

2024 жылдың соңына қарай BRICS-тің қарқынды кеңеюі жылдың ең ірі геосаяси оқиғаларының бірі ретінде ерекшеленді.

BRICS 2000-жылдардың ортасынан бері әлемдік саясат сахнасында бейресми түрде орын алып келеді. Алайда биыл блоктың күшеюі әділетті көпполярлы әлемдік тәртіпке жол ашатын маңызды кезеңге айналды.

Мүше мемлекеттер санының артуы, ортақ мүдделер мен ғаламдық қолдаушылар санының бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуі бұл процесті одан әрі күшейтті.

Бұл өзгерістер АҚШ бастаған G7 тобының жаһандық саяси үстемдігінің құлдырауын тездетті.

Газа, Украина, АҚШ сайлауы және Сирия мәселелеріне басты назар аударғандар бұл өзгерісті байқамауы мүмкін, бірақ 2024 жыл BRICS үшін бетбұрыс жылы болды.

Жыл бойындағы оқиғалар әлемдік тәртіптің әділ әрі теңгерімді геосаяси жүйеге қарай ауысқанын көрсетті.

2024 жыл АҚШ басшылығындағы Батыс елдеріне негізделген шағын элита үшін империялық үстемдіктің соңғы кезеңі болуы мүмкін.

Бұл кезеңде Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка (бастапқы BRICS мүшелері) және жаңа мүше елдер мен серіктес мемлекеттер әлемдік жүйеде әділ, ашық және тең мүмкіндіктерге негізделген тәртіп қалыптастыруда.

“BRICS-тің” кеңеюі

2024 жылдың басты саяси өзгерістерінің бірін оқиғалардың хронологиясы анық көрсетеді.

1 қаңтарда BRICS-ке тағы төрт ел – Мысыр, БАӘ, Иран және Эфиопия ресми түрде қосылып, блоктың мүше мемлекеттер саны бестен тоғызға дейін артты.

Қазан айында BRICS-тің он екі елді "серіктес мемлекет" ретінде қабылдауға шақыруы блок үшін жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Бұл елдер қатарына Алжир, Беларусь, Боливия, Куба, Индонезия, Қазақстан, Малайзия, Нигерия, Тайланд, Уганда, Өзбекстан және Вьетнам кірді.

Бұл хабарлама Ресейдің Қазан қаласында өткен 16-шы BRICS саммитінде жарияланды, оған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да қатысты.

НАТО-ның негізгі мүшелерінің бірі болып табылатын Түркияға да BRICS серіктес мемлекет мәртебесі ұсынылды.

Ердоған бұл ұсынысқа қатысты Түркияның BRICS тобымен дамып келе жатқан байланыстары оның НАТО мүшелігіне немесе ЕО-ға үміткер мәртебесіне балама емес екенін айтты.

Қараша айының ортасында Түркияның Сауда министрі Өмер Болат BRICS-тің Түркияға серіктес мүшелік мәртебесін ұсынғанын растады:
"Түркияның [BRICS] мүшелік мәртебесіне келер болсақ, бізге серіктес мәртебе ұсынылды. Бұл мәртебе BRICS-тің ұйымдық құрылымындағы өтпелі кезең болып табылады."

2024 жылы “BRICS-ке” қосылуға мүдделі елдер саны едәуір артты – кейбірі толық мүше, ал басқалары серіктес мәртебесіне ұмтылуда.

Бұған қоса, бұрын кем дегенде 40 елдің “BRICS-ке” қосылуға қызығушылық танытқаны туралы хабарланған болатын.

Батысқа екі хабарлама

“BRICS-тің” кеңеюі әрі қарай жалғасты. Соңғы екі маңызды оқиға блоктың АҚШ басқаратын Батыстың империалистік ықпалы әлсіреген әлемде оң өзгерістер жасауға деген ұмтылысын одан әрі айқындады.

Біріншісі – АҚШ долларына жаһандық балама жасауға бағытталған символдық қадам.

Екіншісі – Батыс мемлекеттерімен шектелмейтін, жасанды интеллектті дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылыс.

2024 жылы Қазанда өткен “BRICS” саммитінде блок басшылары символдық "BRICS валютасының банкнотын" таныстырды.

Банкнотқа бастапқы BRICS мүшелерінің туларын орналастырған.

Бұл шынайы төлем құралы болмаса да, BRICS-тің доллардың үстемдігіне балама іздеуге деген құлшынысын көрсетті.

АҚШ доллары көбінесе Вашингтонның әлемдік экономикаға бақылау жүргізу құралы ретінде қарастырылады.

BRICS-тің ортақ валютасы шынайы жобаның бастамасы болуға әлі ерте болғанымен, бұл бастама мүше елдердің доллар гегемониясынан құтылу жолдарын қарастырып жатқанын айқын аңғартады.

Халықаралық сауданы "долларсыздандыру" мәселесі жиі қозғалып жатқан уақытта BRICS банкнотының ұсынылуы G7-нің алаңдаушылығын күшейткені анық.

Бұл үрдіс 23 қазанда BRICS-тің трансшекаралық төлемдерді ұлттық валюталарда жүзеге асыру туралы ресми шешім қабылдауымен нығая түсті.

Осылайша блок АҚШ бақылайтын “SWIFT” сияқты Батыстық қаржы механизмдеріне тәуелсіз жаңа экономикалық жүйені қалыптастыруды көздеп отыр.

G7 үшін ұнамсыз болуы мүмкін тағы бір маңызды оқиға 11 желтоқсанда болды.

Мәскеуде өткен жасанды интеллект бойынша халықаралық конференцияда Ресей президенті Владимир Путин BRICS және басқа елдермен бірге жасанды интеллект технологияларын дамыту бойынша ынтымақтастық орнататынын мәлімдеді.

Бұл қадам АҚШ-тың жаңа технологияларды өз бақылауында ұстауға тырысуына балама құруды мақсат етеді.

G7 және BRICS: Өзгеріп жатқан шынайылық

BRICS-тің әлемдік ықпалын жылдам кеңейтуімен бірге мына сұрақ туындайды: G7-нің BRICS алдында беделін жоғалтуы нені білдіреді?

Өзгеріп жатқан геосаяси шынайылық BRICS үшін үміт күттірерлік болса, G7 үшін күрделі сын-қатерлерге толы.

G7 немесе "Үлкен жетілік" – АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Жапония және Италиядан тұратын, өздерін әлемдегі ең дамыған экономикалар ретінде көрсететін элиталық клуб. Сонымен қатар Еуропалық Одақ (ЕО) да осы блоктың құрамына кіреді.

Вашингтон басқаратын G7 ондаған жылдар бойы халықаралық қатынастарды, жаһандық экономиканы және медиа дискурсын басқарды, бірақ бұл ретте Қытай, Ресей, Түркия және Үндістан секілді басқа ірі державалардың ықпалын көп жағдайда елемеді.

Алайда бүгінгі таңда билік теңгерімі өзгеруде.

“G7” бұрынғыдай ықпалды емес, бұл- он жыл бұрын тіпті елестету қиын болған жағдай.

1990 жылы “G7” әлемдік ЖІӨ-нің 66%-ын құрады және бірнеше жылдар бойы осы үлесті сақтап келді.

Ол кезде АҚШ бастаған Батыс мемлекеттері қалаған соғыстарын бастай алатын, тәуелсіз елдердің ішкі істеріне араласып, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорын (ХВҚ) кедей елдерге өз саясатын таңу үшін пайдалана алатын.

Алайда уақыт өте бұл жағдай өзгерді.

2022 жылы “G7-нің” әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 44%-ға дейін төмендеді.

АҚШ 2021 жылы Ауғанстаннан әскерін шығарғаннан бері жаңа соғыс бастамағанына назар аударыңыз.

Сонымен қатар Вашингтон Украина, Газа, Сирия және Йемендегі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуде ешқандай айтарлықтай жетістікке жете алмады.

Керісінше “BRICS-тің” жаһандық ЖІӨ-дегі үлесі 37%-ға жетті.

Блоктың әлемдік экономикадағы үстемдігі артып келе жатса да, “BRICS” соғыс бастау немесе басқа елдердің ішкі істеріне араласу үрдісін көрсеткен жоқ.

Бұл теңгерімді ұстаным G7-ге қарағанда BRICS-тің орталықтандырылмаған және әртүрлі геосаяси көзқарастар мен бейбіт сыртқы саясатты ұстанатын құрылымға ие болуымен түсіндіріледі.

2025 жыл жақындаған сайын G7 өз бағытын қайта қарастыруға мәжбүр.

Кеңеюінің нәтижесінде BRICS+ атауын алған бұл блок бүгінде әлем халқының шамамен 40%-ын қамтиды.

BRICS елдерінде G7 елемеүі мүмкін емес мол табиғи ресурстар бар.

Сонымен қатар бұл блок G7-ге тәуелді трансұлттық корпорациялар сенім артатын ауқымды тұтыну нарықтарын қамтиды.

Украинадағы соғыс, Газа дағдарысы, Дональд Трамптың сайлау жеңісі және Сириядағы тұрақсыздық әлемдік БАҚ-тың назарын аударса да, BRICS-тің үнсіз өрлеуі 2024 жылдың ең ірі трансформациялық оқиғаларының бірі ретінде тарихқа енетіні анық.

Іздеу
Австралияның оңтүстік-шығысында орман өрттері күшейіп, кең аумақтар жанып жатыр
Израильде әлеуметтік тұрғыда оқшауланған еврейлерді Иран қалай тыңшы ретінде тартты?
Қытайдың Африкадағы ықпалын бұзу күресінде Вашингтон қалай жеңілді?
2024: Газа, Украина және басқа аймақтардағы қақтығыстар жылы
Менің досым Айшенұр әділет пен Палестина бостандығы үшін батыл қорғаушы болды
Израильдің негізін қалаған сионистік лаңкестікке көзқарас
Корея соғысының 70 жылдығы: Оңтүстік Корея халқы әлі де құрметпен еске алатын түрік сарбаздары
Газада бітім: Әлсіз үміт
Израильдің геноцидтік соғысы мұсылмандардан кейін христиандарды да жалмауда
Голан жоталарының маңыздылығы және Израильдің бақылауға алу әрекеттері
Путин: «Егер Украина батыстан ядролық қару алса, Ресей қарудың барлық түрін пайдаланады»
Германия экономикасы неліктен құлдырауда?
Трамп-Нетаньяху қарым-қатынасында жаңа дәуір: адалдық пен шиеленіс
«Өлгім келді»: Асад түрмелерінен аман қалған тұтқын түрмедегі азаптауларды баяндады
Стармер Блэр дәуіріндегі саясатты жаңғыртып, Палестина тақырыбында британдықтардға опасыздық жасауда
TRT Global-ды көріп алыңыз. Өз пікіріңізбен бөлісіңіз!
Contact us