САЯСАТ
6 минут оқу
“Coupes-coupes”: Чадтағы  француз отарлық қырғынының ауыр зардаптары
Чад халқы Франциямен қарым-қатынастарын қайта қарастыруда өз үкіметін қолдауда.
“Coupes-coupes”: Чадтағы  француз отарлық қырғынының ауыр зардаптары
March 3, 2025

Чад халқы бір ғасырдан астам уақыт бұрын отаршыл күштердің жасаған қанды қылмыстарының ұмытпай бұрынғы отарлық билік Франциямен қарым-қатынастарын қайта қарастыруда өз үкіметін қолдауда.

Кейбір жаралар ешқашан жазылмайды. Өткеннің әділетсіздіктері жүрекке жара салып, ұлт жадында өшпес із қалдырады. Чадтағы жағдай осы шындықты толықтай бейнелейді.

Францияның отарлық басқаруы салған жаралар ең ауыр қысым кезеңдерінде азап шеккен халықтың жадында терең сақталған.

Мысалы 1917 жылғы 15 қарашада Абеше қаласында болған атышулы “Coupe-Coupe” қырғыны.

"Чад – біздікі, Франция кетсін!" Бұл ұран Орталық Африка елінде кеңінен таралған наразылықтың белгісіне айналды және соңғы жылдары Францияның Африкадағы әскери болмысының едәуір азаюына себеп болды.

Чадтың Сыртқы істер министрлігі 29 қарашада Франциямен қауіпсіздік және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді тоқтатқанын жариялады.

Бұл шешім Францияның сыртқы сауда министрі Жан-Ноэль Барроның Нджаменаға сапары және Чад президенті Махамат Идрис Деби Итномен кездесуіне сәйкес келді.

Франция 2019 жылғы 5 қыркүйекте жасалған келісімнің тоқтатылуына күтілгендей ұстамды жауап берсе де, Чад өз аумағындағы егемендік құқығын баса айтты.

Қысқа уақыт ішінде ел көлемінде француз әскери болмысына қарсы жаппай наразылық шерулері басталды.

5 желтоқсанда басталған бұл толқулар Нджамена мен Абеше секілді ірі қалаларға тез тарады.

Осы оқиғаларға дейін Абешеде жұма күнгі уағыз кезінде айтылған сөздер Чад көшелерінде француздарға қарсы қозғалысты жандандырудың маңызды кезеңіне айналды.

6 желтоқсанда мешітке жиналған Чад халқы 107 жыл бұрын француздар жасаған қырғынды қайта еске алып, өткеннің ауыр жараларын сезінді.

Чадтағы француз отаршылдығының қанды тарихында “Coupe-Coupe” қырғыны қалай болды және ол халық үшін нені білдіреді?

Чадтың “Le N'djam Post” медиа ұйымының журналисі және жазушысы Камаль Куламалла 1917 жылы Вадай аймағының орталығы Абеше қаласында болған қырғынды "Чад тарихындағы өшпес қара дақ" деп сипаттайды.

"Бұл – жергілікті халықтың есінде мәңгілікке сақталатын қатыгез репрессия. Негізсіз күдіктер, жоспарлы жазалау әрекеттері және жазасыздыққа негізделген отаршылдық саясат Чадтағы француз билігінің ең қаралы кезеңдерінің бірі болды. Бұл оқиға әділетсіздік пен азаптың символына айналды және ғасырдан астам уақыт өтсе де, ел жадында сақталып отыр," – деп түсіндіреді ол.

Тирания саудагерлері

Франция 19-ғасырда Африкадағы отарлау әрекеттерін күшейтті және Чад осы басқыншылықтың басты нысаналарының бірі болды.

1800-жылдардың соңынан бастап ел ағылшын және француз ықпал аймақтары арасында бөлінді.

"Батыс отаршылдары Африкаға келмей тұрып, Чадта сұлтандық Вадай, Багирми және Канем сияқты үш жергілікті сұлтанды билік жүргізді. Бұл мемлекеттер ұзақ жылдар бойы француздарға қарсы қатты күрес жүргізіп, Османлы империясымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Бұл қарым-қатынас қазіргі Түркия мен Чад арасындағы байланыстарға ұқсас болды," – дейді Түркияның Күтахья Думлупынар университетінің Теология факультетінің оқытушысы доктор Иса Гөкгедик “TRT Afrika” арнасына берген сұхбатында.

Француздар алғаш рет 1899 жылы Чадқа кіріп, қазіргі Нджамена қаласын "Форт-Лами" деп атап, өз бақылауына алды.

Кейіннен олар Абеше, Вадай, Борку және Эннеди сияқты аймақтарға өз отаршыл әкімшілігін кеңейтуді көздеді.

1905 жылдан бастап француздар араб, туарег, Үлед Сүлеймен тайпалары және Османлы империясы қолдаған Ливиядағы Сенусси күштерінің қарсылығына тап болды.

Он жылға созылған қақтығыстардан кейін 1909 жылы 23 тамызда Алберт Молл мен доктор Шопен басқарған француз әскері Абеше қаласын басып алды.

Бұл кезеңде Вадай сұлтаны Мұхаммед Салих (Дуд Мурра) және Дар Масалит сұлтаны Тажуддин француздарға қарсы бірлескен қарсылық қозғалысын бастады.

Ебу Шериб, Хавалис, Келинг, Кодой, Мими, Уәлед Жама және Маба тайпалары Османлы қолдауына ие Сенусси күштерімен бірге басқыншылыққа қарсы күреске қосылды.

Француз әскери басшысы Алберт Молл шайқас кезінде қаза тапты, дәл сол секілді Сұлтан Тажуддин де майданда мерт болды.

Сұлтан Мұхаммед Салих және Тажуддиннің жиені Бахруддин қарсылықты біраз уақыт жалғастырды, алайда 1911 жылғы 27 қазанда оларды берілуге мәжбүрледі.

1912-1914 жылдары француз офицері Виктор-Эммануэль Ларжо Айн Галака, Бильма және Билтин аймақтарын басып алды.

Француз шабуылдарынан кейін ашаршылық пен эпидемиялық аурулар өршіді, нәтижесінде тек Абешеде 322 000 адам қаза тапты.

Үш жылдың ішінде Чад халқы 728 000-нан 406 000-ға дейін азайды.

Жаппай қырғынмен соттау

Бұл таңқаларлық көрсеткіштер француздар ұйымдастырған тонаудың ауқымын айқын көрсетеді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жүз мыңдаған африкалық жалған тәуелсіздік уәдесімен күштеп әскерге алынып, Еуропадағы соғыс майдандарында немістерге қарсы соғысып, қыршыннан қиылды.

Жүріп жатқан соғысқа қарамастан, француздар Чад жерінде толық бақылау орнатуға тырысты.

Қарсылықты басу үшін олар қоғамдағы құрметті дін ғұламаларын қырғын арқылы жоюға бағытталған жүйелі жоспар құрды.

Алдауды ар көрмеген француздар 1917 жылы «басқару мәселелерін талқылау» деген сылтаумен қоғам басшыларын Абеше қаласына шақырды.

Таңғы намаздан кейін таңсәріде жүздеген мұсылман ғұлама торуылға түсіп, өлтірілді. Осындай қырғындар Варя мен Каним өңірлерінде де болды.

“Coupe-Coupe” немесе “Cut-Cut” қырғыны – бірнеше чадтық ислам ғұламасының басын кескен француз әскерлерінің шектен шыққан қатыгездігімен ғана шектелген жоқ.

Отаршыл күштер кітапханалардағы кітаптар мен қолжазбаларды тартып алып, өртеді, Франциядағы мұражайларға жіберді немесе жер астындағы қоймаларда жасырды.

Осы аласапыранда ауқымды мәдени мұра жойылды.

Міндетті әскери қызметке қарсы шыққан Яхия Оулд Герма абақтыға қамалды. Акид Маджин мен жары Мерам Койсе ауыр қысымға ұшырады.

Француздармен одақтасудан бас тартқан Акид Махамат Доком жүздеген жақтасымен бірге өлтірілді. Мехамид тайпасының көсемі Абуд Шарара 40 қолдаушысымен бірге тұтқындалып, кейіннен өлім жазасына кесілді.

Көтерілістер болуы мүмкін деген қауіппен отаршылдар Еуропадағы майдандардан Чадқа қосымша әскер жіберіп, қатаң қауіпсіздік шараларын енгізді. Сондай-ақ халықтың рухани құндылықтарын әлсірету және бағындыру мақсатында әрекет етті.

Ұлы мешіт қиратылып, Саламет пен Батха аймақтарындағы наразылықтар күшпен басылды.

Бұл кезеңде тұтқындаулар, жер аударулар мен қастандықтар бірінен соң бірі жалғасты. Ең болмашы қарсылықтың өзі аяусыз бастырылды.

Соған қарамастан Чад халқы отарлық басқаруды ешқашан мойындамады. Олардың қарсылығы 1930 жылдарға дейін жалғасты.

Ондаған жыл бойы жалғасқан күрестен кейін Чад 1960 жылғы 11 тамызда Франциядан тәуелсіздігін алды.

Кек алу ниеті

“Coupe-Coupe” қырғыны бүгінгі күнге дейін Чад халқы үшін әлі де өте сезімтал тақырып болуда.

Француздардың аймаққа және жергілікті халыққа істеген зорлық-зомбылықтары үшін әлі күнге дейін кешірім сұрамауы жағдайды одан әрі ушықтырады.
«Кейбір зиялы қауым өкілдері Вадай өңіріндегі қырғын туралы үлкен өшпенділікті алға тартып, Францияға қарсы Халықаралық Әділет Сотына жүгінуді көздейді. Осы мақсатта конференциялар ұйымдастырылып, көптеген жасқа қырғын жайлы кеңінен ақпарат берілді», – дейді Абеше қаласындағы Шейх Адам Барка университетінде тарихтан дәріс беретін доктор Махамат Адум Дотум “TRT Африка” арнасына берген сұхбатында.

«Coupe-Coupe» қырғынында 150-ге жуық адам қаза тапқан деп есептеледі. Мұнда ең бастысы құрбандар саны емес, шабуылдың қатыгездігі мен оның астарлы ниеті әділетсіздік сезімін күшейте түседі».

Француздар қырған ғалымдар Абеше қаласындағы Умм Камил деген жерде ортақ қабірге жерленген.

Содан бері бұл зират Чад халқының басқыншыларға қарсы тәуелсіздік күресінің символына айналған азаттық ескерткіші қызметін атқарып келеді.

«Coupe-Coupe» қырғыны – чадтықтар үшін француздарға қарсы рухани тұтастықтың бір көрінісі.

Мейлі ол отаршылдықтың шынайы бейнесін қайта қарау болсын, мейлі үкіметтің Франциямен қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты тоқтату туралы шешіміне қолдау көрсету болсын, бұл тақырып кез келген талқылауда халық арасында бірден өзара түсіністік пен бірауыздылықты нығайтады», – деп түсіндіреді доктор Дотум.

«Тек шағын ғана топ бұл шешімге ашық қолдау білдірмеді. Олар үнсіз қалғанымен ауқымды қоғамдық пікірмен салыстырғанда оның ықпалы мардымсыз».

Бір ай бұрын “Coupe-Coupe” қырғынының жылдығы кезінде қоғамның түрлі топтарынан шыққан чадтықтар Францияның елдеріне және халқына істегендерін ешқашан ұмытпайтындарына серт берді. «Франция, кет!» Қазіргі өзгерістер кезеңінде бұдан шулы ұран болуы мүмкін емес еді.

Іздеу
Австралияның оңтүстік-шығысында орман өрттері күшейіп, кең аумақтар жанып жатыр
Израильде әлеуметтік тұрғыда оқшауланған еврейлерді Иран қалай тыңшы ретінде тартты?
Қытайдың Африкадағы ықпалын бұзу күресінде Вашингтон қалай жеңілді?
2024: Газа, Украина және басқа аймақтардағы қақтығыстар жылы
Менің досым Айшенұр әділет пен Палестина бостандығы үшін батыл қорғаушы болды
Израильдің негізін қалаған сионистік лаңкестікке көзқарас
Корея соғысының 70 жылдығы: Оңтүстік Корея халқы әлі де құрметпен еске алатын түрік сарбаздары
Газада бітім: Әлсіз үміт
Израильдің геноцидтік соғысы мұсылмандардан кейін христиандарды да жалмауда
Голан жоталарының маңыздылығы және Израильдің бақылауға алу әрекеттері
Путин: «Егер Украина батыстан ядролық қару алса, Ресей қарудың барлық түрін пайдаланады»
Германия экономикасы неліктен құлдырауда?
Трамп-Нетаньяху қарым-қатынасында жаңа дәуір: адалдық пен шиеленіс
«Өлгім келді»: Асад түрмелерінен аман қалған тұтқын түрмедегі азаптауларды баяндады
Стармер Блэр дәуіріндегі саясатты жаңғыртып, Палестина тақырыбында британдықтардға опасыздық жасауда
TRT Global-ды көріп алыңыз. Өз пікіріңізбен бөлісіңіз!
Contact us