БҰҰ-ның алты агенттігінің басшылары Израильдің Газа секторына жасаған блокадасы мен шабуылдарының апатты салдары туралы ескертіп, «Әлем адам өміріне құрметсіздік көрсететін соғыс әрекеттерінің куәсі болып отыр»,- деп мәлімдеді.
БҰҰ-ның Гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасы (OCHA), БҰҰ Балалар қоры (UNICEF), БҰҰ Жобалар қызметі (UNOPS), Палестиналық босқындарға арналған агенттік (UNRWA), Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) басшыларының дүйсенбі күні жариялаған бірлескен мәлімдемесінде «Бір айдан бері Газаға коммерциялық немесе гуманитарлық жүк жеткізілмеді. 2,1 миллионнан астам адам қайтадан бомбалауға ұшырап, аштыққа душар болуда. Ал шекара өткелдерінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай және баспанаға арналған жүк жиналып, жеткізілмеуде» делінген.
Атысты тоқтату келісімі бұзылғаннан кейінгі алғашқы аптада 1 000-нан астам бала қаза тауып, жарақат алған. Бұл соңғы бір жылда Газа секторындағы балалар арасындағы ең жоғары бір апталық өлім көрсеткіші.
Гуманитарлық көмектің тоқтап қалғанына назар аударылған мәлімдемеде «Бірнеше күн бұрын атысты тоқтату кезінде Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы қолдау көрсеткен 25 наубайхана ұн және газ тапшылығына байланысты жабылуға мәжбүр болды» деген ақпарат берілген.
Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдері гуманитарлық дағдарыстың бұрын-соңды болмаған жағдайға жеткенін атап өтіп, «Біз Газа секторында адам өміріне құрметсіздік көрсететін соғыс әрекеттерінің куәсі болып отырмыз», - деді.
«Израильдің көшіру бұйрықтары жүздеген мың палестиналықты тағы да көшуге мәжбүр етті, бірақ олар үшін қауіпсіз жер жоқ. Сондай-ақ Газаға жеткілікті көмек жетті деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды», – делінген бірлескен мәлімдемеде.
2023 жылдың қазан айынан бері 408 гуманитарлық көмек қызметкерінің, оның ішінде Палестиналық босқындарға арналған агенттіктің 280-нен астам қызметкерінің қаза тапқаны айтылды.
Бірлескен үндеу әлем үкіметтеріне халықаралық гуманитарлық құқықты сақтау жауапкершілігін еске салып, «Бейбіт тұрғындарды қорғаңыз. Көмек жеткізуді жеңілдетіңіз. Кепілге алынғандарды босатыңыз. Атысты тоқтату келісімін жаңартыңыз» деген сөздермен шұғыл араласуға шақырды.