Трамптың 9 шілдедегі тарифтері күшіне енбей тұрып, елдер сауда келісімдерін жасауға тырысып жатыр
9 шілдеде күшіне енетін тарифтер АҚШ президенті Дональд Трамп сәуір айында жариялаған пакетінің бір бөлігі болып табылады. Трамп бұл салықтардың себебін сауда қатынастарындағы “өзара теңдіктің” болмауымен түсіндірген еді.
Трамптың 9 шілдедегі тарифтері күшіне енбей тұрып, елдер сауда келісімдерін жасауға тырысып жатыр
/ Reuters
2 Шілде 2025

АҚШ президенті Дональд Трамптың Еуропа Одағы мен Жапонияны қоса алғанда ондаған ел экономикасына ауыр кедендік тарифтер енгізуіне бір апта қалғанда, көптеген мемлекет мұндай жағымсыз сценарийден қашу үшін АҚШ-пен келісімге келуге тырысуда.

Трамп көптеген сауда серігіне 10 пайыздық салық енгізген, ал АҚШ-тың үлкен сауда тапшылығына тап болған елдер үшін бұдан да жоғары және арнайы мөлшерлемелер қарастырылған еді.

Алайда бұл тарифтер бойынша келіссөз жүргізу мақсатында шілде айына дейін кейінге қалдырылған болатын.

Сарапшылар елдердің үш түрлі нәтижемен бетпе-бет келуі мүмкін екенін болжайды. Бұл елдер не бір келісімнің шеңберінде мәмілеге келуі мүмкін, не тарифтердің күшін жоюды біраз уақытқа шегере алады немесе өздеріне салынған салықтардың артуымен беттесуі ықтимал.

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент өткен жұмада “CNBC” телеарнасына берген сұхбатында: "9 шілдеге дейін бірқатар елмен келісімге келеміз," — деді.

Шешім қабылдаушылар бұл елдердің нақты қайсысы екенін атамағанымен, Бессент Вашингтонның шамамен 18 ірі серіктеспен келісім жасасуға ден қойғанын айтты.

Азия Қоғамдық Саясат Институтының вице-президенті Венди Катлер “AFP” агенттігіне берген сұхбатында: "Вьетнам, Үндістан және Тайвань келісім үшін үміт күттіретін елдер қатарында," – деді.

Келісім жасалмаған жағдайда Вьетнамға салынатын "өзара тариф" 10 пайыздан 46 пайызға, Үндістанға 26 пайызға, ал Тайваньға 32 пайызға дейін көтерілуі мүмкін.

Атлантикалық кеңестің халықаралық экономика бөлімінің басшысы Джош Липски үндістандық келіссөз жүргізушілердің АҚШ-та болу мерзімін ұзартқанына назар аудара отырып, "Үндістан басты үміткер болып көрінеді," – деді.

Липски сондай-ақ: "Жапония да осы санатта еді, бірақ істер сәл баяулады," – деп, Трамптың дүйсенбі күні Жапонияның АҚШ-тан күріш импорттауға құлықсыздығын сынауына сілтеме жасады.

Алайда сарапшылар бұл келісімдердің толыққанды сауда келісімдері болу ықтималдығы төмен екенін айтып, мұндай келіссөздердің күрделілігіне назар аударды.

Вашингтон сәуір айынан бері тек Ұлыбританиямен толыққанды бір келісім және Қытаймен өзара тарифтерді уақытша төмендету туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.

Ұзақ мерзімді кейінге шегеру

Бессент сондай-ақ "жақсы ниетпен келіссөз жүргізіп жатқан" елдердің тарифтері 10 пайыздық негізгі деңгейде қалауы мүмкін екенін айтып, жоғары мөлшерлемелерге қатысты кейінге шегеру шешімі Трамптың өзіне байланысты болатынын ескертті.

Азия Қоғамдық Саясат Институтының вице-президенті Катлер: "Жаңа үкіметі бар (Оңтүстік) Корея кейінге шегеру алу үшін жақсы жағдайда," – деп мәлімдеді.

Липски көптеген елдің осы санатқа кіріп, 1 қыркүйектегі Еңбек күніне дейін жалғасуы мүмкін жоғары тарифтер бойынша үзіліс мерзімін ұзартатынын болжайды.

Бессент бұған дейін Вашингтонның Еңбек күніне дейін сауда келісімдері бойынша күн тәртібін аяқтай алатынын хабарлаған болатын. Бұл көбірек келісім жасалуы мүмкін екенін білдіреді, алайда келіссөздер тамыздан кейін де жалғасуы ықтимал.

Тарифтерді қайта енгізу

Бессент тарифтердің АҚШ «қасарысып отыр» деп есептейтін елдер үшін Трамп бұрын жариялаған жоғары деңгейлерге қайта оралуы мүмкін екенін ескертті.

Бұл мөлшерлемелер 11 пайыздан 50 пайызға дейін өзгереді.

Катлердің айтуынша, "Жапонияның күріш нарығын ашудан бас тартуы және АҚШ-тың автокөлік тарифтерін төмендетуіне қарсы тұруы Жапонияға қайтадан 24 пайыздық өзара тарифтің қолданылуына алып келуі мүмкін".

Трамп сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Жапониямен сауда келісіміне қол жеткізу мүмкін емес екенін және бұл елдің "30, 35 пайыз немесе біз белгілейтін кез келген мөлшерде" тариф төлеуі мүмкін екенін айтты.

Липски Еуропа Одағы да тарифтердің қайта жоғарылау қаупімен бетпе-бет келуі мүмкін деп санайды. Бұл мөлшерлемелер сәуір айында жарияланған 20 пайыз немесе Трамптың жуырда 50 пайызға дейін жеткізуі мүмкін деген деңгейінде болуы ықтимал.

Еуропаның цифрлық реттеуге деген көзқарасы да тараптар арасындағы тағы бір шиеленіс көзі ретінде алға шығуы мүмкін.

Трамп жақында Канадамен 9 шілде мерзіміне қатысы жоқ сауда келіссөздерін тоқтататынын айтты. Бұл қадамды Трамп Оттаваның цифрлық қызметтер салығына жауап ретінде басқан еді. Алайда Канада бұл салықтан бас тартатынын жариялады.

ЕО-ның сауда істері жөніндегі басшысы Марош Шефчович осы аптада АҚШ-пен сауда келісіміне келу мақсатында Вашингтонда жүр. ЕО Комиссиясы келіссөздерге қатысты алғашқы жобалық ұсыныстарды әзірлегенін хабарлады.

Іздеу
Трамп АҚШ Орталық банк төрағасының дереу отставкаға кетуін талап етті
Сауд Арабиясы мен Индонезия энергетика және өнеркәсіп келісіміне қол қойды
Илон Масктың «Starlink» компаниясы Шри-Ланкада интернет қызметін іске қосты
Түркия экспортта тағы бір табысқа жетті
Түркияның әуе компаниясы Стамбул – Дамаск бағытындағы алғашқы рейсін игерді
АҚШ Қытайдың екі азаматын тыңшылық жасады деп айыптады
Трамптың 9 шілдедегі тарифтері күшіне енбей тұрып, елдер сауда келісімдерін жасауға тырысып жатыр
Пәкістан мен Үндістанда муссон жаңбырлары мен кенеттен болған сел салдарынан 73 адам қаза тапты
Венесуэла заң шығарушылары БҰҰ жоғары комиссарын "персона нон грата" деп жариялады
Әзербайжан мен Ресей арасында дипломатиялық шиеленіс
Трамп Израильдің Газада 60 күндік атысты тоқтату шарттарына келісетінін айтты
АҚШ Сириядағы "Хайят Тахрир аш-Шам" тобын террорлық ұйымдар тізімінен шығаруды қарастыруда
Қытай Коммунистік партиясының мүшелер саны 100 миллионнан асты
Үндістанда өрттен қаза тапқандар саны 36-ға жетті
Түркия орман өртімен күресуде
TRT Global-ға шолу. Пікіріңіз біз үшін маңыз.
Contact us