АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде елдегі атау жүйесін өзгертуге бағытталған соңғы бастамасы ретінде екі америкалық мерекені «Жеңіс күні» деп қайта атауды көздейтінін айтты.
Трамп “Truth Social” платформасында жариялаған жазбасында: «8 мамырды Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні, ал 11 қарашаны Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп қайта атаймын», – деді.
Жеңіс күні Еуропалық Одақ елдерінде 8 мамырда, ал Кеңес Одағы құрамында болған елдерде 9 мамырда атап өтіледі. Бұл күн Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында Германияның сөзсіз тізе бүгуі және оны Одақтастар тарапынан ресми түрде қабылдаған күн ретінде белгіленген.
АҚШ-та бұл күнді еске алатындар болғанымен, ол Еуропадағыдай кең көлемде аталып өтетін ресми мереке емес.
Трамп: «Көптеген одақтасымыз бен достас ел 8 мамырды Жеңіс күні ретінде атап өтеді, бірақ біз Екінші дүниежүзілік соғыста еш күмәнсіз ең маңызды жеңіске жеткен ел ретінде бұл күнді лайықты атап өтпейміз», – деп жазды.
11 қараша алғаш рет АҚШ-тың бұрынғы президенті Вудро Вильсонның бастамасымен Бірінші дүниежүзілік соғыстағы қарулы қақтығыстардың 1918 жылғы бітіммен аяқталуын еске алу үшін «Бітім күні» ретінде аталған болатын.
Бүгінде бұл күн Америка Құрама Штаттарында «Ардагерлер күні» ретінде ресми мереке болып саналады және АҚШ Қарулы күштерінде қызмет еткен азаматтарды құрметтеуге арналады.
Трамп: «Біз екі соғыста да жеңіске жеттік. Қуатымыз, ерлігіміз немесе әскери данышпандығымызға тең келетін ешкім болмады. Бірақ біз мұны тойламаймыз. Өйткені бізде тойлауды білетін басшылар болмады! Жеңістерімізді қайтадан атап өтетін боламыз!»,- деп сөзін жалғастырды.
Ақ Үй әзірге аталған мерекелердің атауын өзгерту туралы қандай да бір ресми жарлық немесе мәлімдеме жариялаған жоқ.
Екінші президенттік мерзімге сайлану науқанында Трамп АҚШ қоғамдық өмірінің түрлі саласындағы атауларды өзгертуге бірнеше рет талпыныс жасаған. Мысалы ол «Тұрғылықты халықтар күнін» мерекесіне «Колумб күні» атауын қайтаруды, ал «Мексика шығанағын» «Америка шығанағы» деп қайта атауды ұсынған еді.