АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Израильдің АҚШ-тағы елшісі сәрсенбі кешінде Вашингтондағы Еврей мұражайының маңында болған және Израиль елшілігінің екі қызметкерінің өмірін қиған қарулы шабуылды қатаң айыптап, бұл оқиғаны "еврейлерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық әрекеті" деп бағалады.
Трамп “Truth Social” платформасында жариялаған үндеуінде: «Ашық түрде еврейге қарсы өшпенділікке негізделген бұл қорқынышты кісі өлтіру дереу тоқтатылуы керек! Америкада жек көрушілік пен радикализмге орын жоқ», – деп жазды.
Трамп марқұмдардың отбасына көңіл айтып, бұл оқиғаны «өте қайғылы» деп сипаттады.
Осы шабуылдан кейін өткен баспасөз мәслихатында Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер құрбандардың үйленгелі жүрген израильдік жас жұп екенін айтты.
Лейтердің айтуынша, Трамп оған әділет министрі Пэм Бонди арқылы жеке хабарласқан және өзінің әкімшілігі антисемитизммен күресу және оны түбегейлі жою үшін бар күшін салуға уәде еткенін жеткізген.
Лейтер Израиль мен АҚШ арасындағы ынтымаққа назар аударды. «Біз бірге болсақ, қорықпаймыз. Біз кісі өлтіру арқылы саяси пайда табуға үміттеніп, адамдықтан безгендерге қарсы бірігеміз», – деді ол.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио оқиғаға қатысты «Бұл - еврейлерге қарсы қорқақтықпен жасалған зорлық-зомбылық әрекеті. Кінәлілерді тауып, әділ сот алдында жауапқа тартамыз», – деп мәлімдеді.
Қарулы шабуыл Вашингтондағы Еврей мұражайының сыртындағы тротуарда болған. Полиция күдіктінің шабуылдан кейін мұражай ғимаратына кіргенін және сол жерде ұсталғанын растады.
Полиция күдіктінің Чикагодан келген 30 жастағы Элиас Родригес екенін хабарлады.