Трамп президент Режеп Тайып Ердоғанмен және басқа аймақ басшыларымен кеңескеннен кейін АҚШ-тың Сирияға қарсы «қатаң және жойқын» санкцияларын алып тастауға бұйрық беретінін айтты.
«Сириядағы жағдайды Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасымен, сондай-ақ кеше маған телефон соғып, осындай өтініш жасаған Түркия президенті Ердоғанмен және мен құрметтейтін Таяу Шығыстағы достарыммен сөйлескеннен кейін Сирияға қарсы санкцияларды тоқтатуды тапсырамын», - деді Трамп Эр-Риядтағы инвестициялық форумда.
Трамп Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманды меңзеді. Ханзада да кездесуге қатысқан болатын.
«Қазір олардың жарқырайтын уақыты. Біз барлық тосқауылды жойып жатырмыз», - деді Трамп. «Сондықтан мен Сирияға сәттілік тілеймін. Сауд Арабиясындағыдай ерекше бір нәрсені көрсетіңіз» деді ол. Бұл қарар Трамп АҚШ-тың Сирияға салған санкцияларын алып тастауды қарастырып жатқанын мойындағаннан бір күн өткен соң шықты. Шешім батыс елдері басшыларының биліктен қуылған Башар Асад режимі кезінде Дамаскке салған экономикалық санкцияларды алып тастауға бағытталған соңғы қадамы ретінде қарастырылуда.
Сирияны 25 жылға жуық басқарған Асад желтоқсанның 8-і күні Ресейге қашып кетті, ал Баас партиясының билігі режимге қарсы топтар Дамаскті бақылауға алғаннан кейін аяқталған болатын.
Франция президенті Эммануэль Макрон өткен апта Парижде Сирия президенті Ахмед әл-Шараны қабылдап, ЕО Сирияға қарсы санкцияларды біртіндеп алып тастайтынын айтты.
Трамп әл-Шарамен кездеседі
Ақ Үй өкілінің айтуынша, Трамп сәрсенбі күні Сауд Арабиясына сапары барысында әл-Шарамен кездесуге келісті. «Президент ертең Сауд Арабиясында Сирия президентімен сәлемдесуге келісті», - деді аты-жөнін атамауды сұраған ресми өкіл.
Кездесу Эр-Риядта өтеді деп жоспарланды. Трамп қаңтарда қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы шетелдік сапары аясында сейсенбі күні Эр-Риядқа барған болатын. Трамптың аймақтық сапарына Катар мен Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) жоспарланған сапарлары да кіреді.
Сондай-ақ Трамп Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың осы аптада Түркияда Сирия Сыртқы істер министрі Асад әл-Шайбанимен кездесетінін айтты.