Израиль Қорғаныс министрлігі халықаралық деңгейде Газа аймағындағы геноцидке байланысты күшейіп келе жатқан айыптауларға қарамастан 2024 жылы шамамен 15 миллиард доллар көлемінде бірқатар қорғаныс келісімшартына қол қойылғанын және бұл көрсеткіштің ел тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткенін хабарлады.
Бұл көрсеткіш 2023 жылы да рекордтық деңгейде жасалған келісімшарттармен салыстырғанда 13 пайызға артқанын көрсетеді. Аталған өсім Израильдің палестиналықтарға жасаған шабуылдары мен қоршаудағы Газа секторындағы гуманитарлық апатқа байланысты әлем елдері наразылық білдіріп жатқан кезеңде тіркеліп отыр.
Келісімшарттардың жартысынан көбі Еуропа елдерімен жасалған. Екінші орында Азия-Тынық мұхиты аймағындағы мемлекеттер орналасқан. Трамп кезеңінде жасалған Авраам келісімдері аясында Израильмен қарым-қатынастарын қалыпқа келтірген араб елдерімен де бірнеше келісімге қол қойылған. Қалған келісімдер Солтүстік Америка, Африка және Латын Америкасындағы серіктес елдермен жасалған.
Қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемеде сатылымдардың шамамен жартысы зымыран, ракета және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне тиесілі екені айтылды. Қалған келісімшарттар арасында брондалған көліктер, спутниктік технология, кибер жүйелер мен барлау жүйелері бар. Сондай-ақ келісімшарттардың жартысынан көбінің құны 100 миллион доллардан асатыны атап өтілді.
Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац 7 қазан күні ХАМАС- тың операциясынан кейін басталған Газадағы шабуылға сілтеме жасап, рекордтық деңгейдегі экспорт Израильдің соғыс алаңындағы әрекетінің «тікелей нәтижесі» екенін мәлімдеді.
Кац мәлімдемесінде: «Әлем Израильдің қуатын көріп отыр және соған үлес қосқысы келеді», - деді.
Израильдің Газадағы шабуылдары өңірдің үлкен бөлігін қиратты. Газа Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2023 жылғы қазан айынан бері қаза тапқандар саны 54 мыңнан асты, олардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар.
Халықаралық деңгейде жасалған бітім шақырулар мен күшейіп келе жатқан қоғамдық наразылықтарға қарамастан Израиль шабуылдарын жалғастырып, гуманитарлық көмекті шектеуді жалғастыруда. Өткен айда шектеулі көлемде көмек жеткізуге рұқсат берілгенімен гуманитарлық ұйымдар бұл көлемнің қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жетпейтінін хабарлауда.
Геноцид жүріп жатқан тұста қару сатылымы
АҚШ Мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, Дональд Трамп билікке келген сәттен бері Израильге шамамен 12 миллиард доллар көлемінде әскери саудаға рұқсат берілген. Ал Германия 2023 жылдың қазан айынан бері Израильге 550 миллион доллардан астам қару экспортын мақұлдағанын және Тель-Авивті қаруландыруды жалғастыратынын хабарлады.
Басқа кейбір ел Израильмен қорғаныс саласындағы байланыстарын үзу бағытында қадам басты.
Мысалы Испания сейсенбі күні Израильмен байланысты компаниямен жасалған танкке қарсы зымырандарға қатысты келісімді тоқтатқанын хабарлады. Ал Ұлыбритания Израильмен еркін сауда келіссөздерін доғарды. Кейбір ел Израильдің әрекеттеріне жауап ретінде қару сатылымдарын тоқтатуды талап етті.