Түркия Қаратеңізден 75 миллиард текше метр жаңа табиғи газ қорын тапқанын сенбі күні Президент Режеп Тайып Ердоған жариялады.
«Біз Қаратеңіздегі кен орнынан 75 миллиард текше метр жаңа табиғи газ қорын таптық. Бұл көлем тұрғындардың сұранысын шамамен 3,5 жылға қамтамасыз етуге жеткілікті болады», – деді Ердоған Стамбулдағы Физикалық терапия және оңалту оқу-зерттеу ауруханасының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
«27 наурызда Қаратеңіздегі Гөктепе-3 ұңғымасында жетінші буынды бұрғылау кемеміз “Абдулхамид Ханмен” бастаған жұмысымыз кеше аяқталды», – деді ол.
Ердоған Анкараның энергетикалық тәуелсіздікке деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
«Біз толық энергетикалық тәуелсіз Түркия мақсатына жеткенше тоқтамай, демалмай, сынға немесе кедергілерге қарамастан жолымызды жалғастырамыз», – деді ол.
Энергетикалық тәуелсіздікке қарай
Соңғы жылдары Түркия Қаратеңізден 710 миллиард текше метр табиғи газ қоры табылғанын жариялаған болатын. Қазіргі уақытта елдің ішкі газ өндірісі табиғи газ қажеттілігінің шамамен 7-8%-ын қамтиды, бұл оның энергетикалық тәуелсіздігіне және импортқа тәуелділікті азайтуға маңызды қадам болып табылады.
Ел сондай-ақ осы айда екі ірі СТГ келісімшартын жасасу арқылы өзінің энергетикалық болашағын қамтамасыз етуге бағытталған қадамдарын жалғастыруда, бұл оны аймақтық энергетикалық хабқа айналдыруға деген ұмтылысын нығайтады.