АҚШ Президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф жұма күні Ресейге жетті. Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттігі РИА хабарлаған бұл ақпаратты Кремль растады.
“Axios басылымы” сапарға жақын дереккөз бен “FlightRadar” мәліметтеріне сүйене отырып, Уиткоффтың Ресейге барғанын және жұма күні Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесуі жоспарланғанын бұған дейін хабарлаған.
Бұл сапар Ресейдің егеменді қорын басқаратын және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Путиннің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевтің Вашингтонда Уиткофф пен басқа да америкалық шенеуніктермен кездескенінен бір апта өткен соң жүзеге асты.
Ресей тарапы соңғы Путин–Уиткофф кездесуін оң бағалап, Ресей басшысының өкілді тыңдағанын және Трампқа жеткізілуі тиіс маңызды ақпараттарды тапсырғанын атап өткен болатын.
Бейсенбі күні АҚШ делегациясы екі ел арасындағы елшілік қызметтерін қалыпқа келтіру жөніндегі келіссөздер жүргізу үшін Стамбулдағы Ресей Бас консулдығына барды.
Ресей делегациясын Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Александр Дарчиев, ал америкалық делегацияны АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Соната Коултер басқарды.
Кездесу қарсаңында Дарчиев кейбір мәселелер бойынша ілгерілеу бар екенін хабарлады.
Мәскеу де, Вашингтон да соңғы жылдары дипломаттардың аккредитациясына байланысты қиындықтарға шағымданып, елшіліктердің қалыпты жұмыс істеуі күрделеніп кеткенін хабарлаған болатын.