Украина елдің жоғары әскери басшысы Ресейге қарсы соққылардың “ауқымы мен тереңдігін” арттыруға уәде бергеннен кейін Ресейдің Киевке бағыттаған “тағы бір ірі дрон шабуылының” жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Үш жылға созылған соғысты аяқтауға бағытталған дипломатиялық талпыныстар тоқтап тұр. Екі тарап арасындағы соңғы тікелей кездесу үш апта бұрын өтіп, кейінгі келіссөздер жоспарланбаған.
Киев әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко: “Киевке тағы бір ірі шабуыл. Жау дронының бірнеше толқыны болуы мүмкін,” – деді.
Киев мэрі Виталий Кличко Сломян ауданында екі адамның ауруханаға жеткізілгенін, ал Святушин ауданындағы метро стансасы маңында тағы екі адамның жараланғанын хабарлады.
“AFP” агенттігінің Киевтегі тілшілері қала орталығы үстінде ұшып жүрген дронның үнін, жарылыстар мен атыс дыбыстарын естіген.
Киевтің орталығындағы бір ғимараттың жертөлесіне тығылған, шабуылдың аяқталуын күтіп отырған шамамен 10 адам байқалды. Олардың көпшілігі жаңалықтарды білу үшін телефондарын ақтарып отырды.
Бұл соңғы шабуылдар Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский Ресейге қарсы шабуылдарды күшейтуге уәде бергеннен кейін болды.
«Біз тек қорғаныспен шектелмейміз. Себебі бұл ешқандай нәтиже бермейді және ақыр соңында шегінуге, адам және аумақ жоғалтуға алып келеді», – деді ол.
Сырский Украина «тиімді екенін дәлелдеді» деп сипаттаған Ресейдің әскери нысандарына шабуылдарын жалғастыратынын айтты.
«Әрине, жалғастырамыз. Біз ауқым мен тереңдікті арттырамыз», – деді ол.
Соғыс бойы Украина Ресейге қарсы жауап ретінде шабуылдар жасап, кейде майдан шебінен жүздеген шақырым қашықтағы энергетикалық және әскери инфрақұрылым нысандарына соққы берді.
Киев бұл шабуылдарды Ресейдің Украина инфрақұрылымы мен бейбіт тұрғындарына жасаған өлімге әкелген соққыларына әділ жауап деп сипаттайды.
Ресми өкілдердің айтуынша, Ресейдің Украина шығысындағы Краматорск қаласында көпқабатты тұрғын үйге жасаған түнгі шабуылы кезінде кем дегенде төрт адам қаза тауып, күні бойы Украина әскерінің жаттығу алаңына жасалған шабуыл салдарынан тағы үш адам мерт болды.
Кең көлемді мәлімдеме жасаған Сырский Ресейдің ұшқышсыз ұшу аппараттары соғысында, әсіресе талшықты-оптикалық байланыс арқылы басқарылатын және бөгелуі қиын дрондарды жасау саласында белгілі бір артықшылықтарға ие екенін мойындады.
«Өкінішке қарай, бұл салада олар әрі сан, әрі қолдану ауқымы жағынан бізден басым түсіп отыр», – деді ол.