Бұл жағдай елдің технологиялық астанасы атанған мегаполистегі ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан инфрақұрылымдық мәселелерді тағы бір мәрте айқындап берді.
Үндістанның оңтүстігінде орналасқан "Силикон аңғары" аталып кеткен Бангалор қаласы жылдам өркендеуі барысында көптеген су арнасының жабылып қалуы және қоқыс төгетін орынға айналуына себеп болған. Бұл жағдай жыл сайын нөсер кезінде су жиналуына әкеліп соғуда.
Карнатака штатының бас министрі Сиддарамая дүйсенбі күні кешке жасаған мәлімдемесінде: «Жаңбыр суына арналған арналар иеленіп алынған, олар терең емес, тар әрі лаймен толып қалған», – деді. Сондай-ақ ол «Қалалық билік өкілдеріне бірнеше рет бұл арналар тазартылсын деген нұсқау берілді, жұмыстар әлі де жалғасып жатыр» деп қосты.
Сиддарамая 10 миллионнан астам тұрғыны бар штат астанасы Бангалорда бір әйелдің қаза тапқанын атап өтсе, “The Times of India” газеті сейсенбі күні бұл көрсеткіш кемінде үш адамға жеткенін хабарлады.
Үндістанда муссон маусымында жыл сайын күшті жауын-шашын мен кенеттен болатын су тасқындары тіркеледі. Мамандар климаттық дағдарыстың бұл табиғи апаттардың жиілігін және қарқындылығын арттырып жатқанын айтуда.