АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран сейсенбі күні сағат 04:00-де басталып, кезең-кезеңімен орындалатын атысты тоқтату туралы келісімге келгенін хабарлады. Бұл келісім екі аптаға созылған қарқынды соғысты ресми түрде тоқтатуды мақсат етеді.
Трамп «Truth Social» платформасындағы мәлімдемесінде келісімнің толығымен атысты тоқтатуды қамтитынын айтты. Келісімге сәйкес алдымен Иран, 12 сағаттан кейін Израиль операцияларын тоқтатады.
Бұл келісім Трамп сипаттаған «12 күндік соғыстың» ресми аяқталуы ретінде қарастырылуда.
«Барлығы ойдағыдай болады деп сенемін және солай болатынына сенімдімін. «12 күндік соғыс» деп аталуы тиіс қақтығысты тоқтатудағы төзімділігі, ерлігі және даналығы үшін Израиль мен Иранды шын жүректен құттықтағым келеді», – деді Трамп өз жазбасында.
Қақтығыс 13 маусымда Израиль Иранның әскери, азаматтық және ядролық нысандарына, соның ішінде Фордо жерасты байыту қондырғысына әуеден соққы беруімен басталған болатын. Ал Тегеран Израиль нысандарына баллистикалық зымырандармен қарымта шабуыл жасады.
22 маусымда АҚШ Иранның үш ядролық нысанына, ал Иран АҚШ-тың Катардағы Әл-Удейд әуе базасына шабуыл жасауымен шиеленіс одан сайын ушыға түсті.
Шиеленістің күшеюіне қарамастан, Оман мен Швейцария араағайын болып, дипломатия арқылы атысты тоқтатуға күш салуда.
Трамп арағайын елдерді атамады, бірақ екі тарапты операцияларды тоқтатуға келіскені үшін мақтады.
Трамптың дүйсенбі күні жариялаған атысты тоқтату келісімі тараптардан әскери операцияларды біртіндеп тоқтатуын талап етеді. Алдымен Иран атысты тоқтатуды бастап, 12 сағаттан кейін Израиль де атысты тоқтатады. Атысты тоқтату басталғаннан кейін 24 сағат ішінде қақтығыс ресми түрде аяқталады деп күтілуде.
Тұрақсыз және шиеленіскен аймақ
Соңғы екі аптадағы ашық қақтығыс Иранда жүздеген адамның өмірін қиды, ал Израильде ондаған адам қаза тапты. Екі ел тұрғындары әуе шабуылдары мен зымыран шабуылдарынан қорғануға мәжбүр болды. Қақтығыстар ауқымды аймақтық соғыс қаупін арттырды.
Иран Израиль шабуылдары кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен Төңкеріс сақшылары мүшелерін жерлеу рәсімін өткізді. Осы уақытта Израиль бүкіл ел бойынша төтенше жағдай жариялап, Иран территориясына соңғы жылдардағы ең ауқымды шабуыл жасады.