Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан «Түркияның Сирияда не Израильмен немесе басқа елмен соғысу ниеті жоқ» деді.
Сәрсенбі күні «CNN Türk» арнасына берген сұқбатында Фидан маңызды мәселелерге тоқталып, сұрақтарға жауап берді. Сирияның тәуелсіз ел екеніне тоқталған министр «Түркияның тек Израильмен ғана емес, Сириядағы ешбір елмен қақтығысуға ниеті жоқ. Израильдің аймақтағы экспансионистік амбицияларын пайдаланып, Сирияны арандатуға тырысуы қабылданбайды»,- деді.
Фидан Түркияның аймақтағы ешбір елмен қақтығысқа ұмтылмайтынын, бірақ Сирия Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ішкі тәртіпсіздіктерге, операцияларға немесе арандатушылықтарға себеп болса, Анкара бей-жай қарай алмайтынын айтты. «Біз қол қусырып қалмаймыз», - деді ол.
Фидан сондай-ақ Асад режимі күйрегеннен кейін Израильдің Сирияның әскери инфрақұрылымын қиратуын сынап, Тель-Авив Сирияның жаңа үкіметі мен қарулы күштерін «дымсыз» қалдыруға бағытталған стратегия әзірлегенін және оны кезең-кезеңімен ілгерілетіп жатқанын айтты.
«Бізге шабуыл жасамайтын ешбір елге ашық шабуыл жасамаймыз. Алайда көрші елде бізге әсер етуі мүмкін тұрақсыздық пайда болса, біз бей-жай қарай алмаймыз», - деді. Ол мұндай жағдайда Түркияның алдымен дипломатиялық қадам басатынын мәлімдеді.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың АҚШ-қа сапары туралы сұраққа жауап берген Фидан «АҚШ мүмкін болса Нетаньяхуды шектеуі керек, былайша айтқанда шеңбер құруы керек», - деді.
Техникалық байланыстар
Түркия мен Израиль арасында тікелей немесе жанама келіссөздер жүргізілгені туралы мәлімдемелерге тоқталған Фидан «Сирияда белгілі бір операциялар жүргізіліп жатқанда осы аймақта ұшақ ұшырған Израильмен америкалықтар және орыстармен жасағанымыздай қақтығысты болдырмау механизмі болуы керек», - деді.
«Израильмен техникалық байланыстар бар және қажет болған жағдайда бұл байланыстар тікелей жасалуда», - деп қосты министр.
Фидан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның АҚШ президенті Дональд Трамппен қарым-қатынасына қатысты пікір білдіріп, Трамп президентімізді көшбасшы ретінде құрметтейтінін және онымен жақсы қарым-қатынаста екенін атап өтті.
«Ердоған мен Трамп қашан кездеседі?» деген сұраққа министр «Екі лидер де тез арада кездескісі келеді», - деп жауап берді .
Фидан АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесуіне сілтеме жасап, Израильдің Сириядағы бомбалауын тоқтатуды қамтитын кең ауқымды мәселелерді талқылағандарын айтты.