2007 жылдың ортасында жергілікті бір тұрғын мал жайылымы ретінде пайдаланылған алқапты кездейсоқ қазып, мұсылман әлемінің ең үлкен қазыналарының бірі, ең білімді мұсылман ғұлама әл- Ғазалидің жоғалған қабірін тапты.
Қабірі Иранның халық саны ең көп екінші қаласы саналатын Мешхедтен 24 шақырым жердегі тарихи Тус қаласынан табылды. Бұл жаңалық дүниенің жаратылуы туралы аристотельдік көзқарасқа қарсы шыққан және «Хужжат әл-Ислам» (Исламның дәлелі) деген атаққа ие болған ұлы ойшылдың ақтық мекенін табу әрекеттерін де тоқтатты.
Бірақ қабір ашылғаннан бері 15 жыл өтсе де, әлі жөндеу мен қалпына келтіруді күтуде. Табиғат мазардың іргетасына зарар беріп, 1111 жылы 53 жасында дүниеден озған Әбу Хамид Мұхаммед Бин Мұхаммед Әл-Ғазалидің бейіті әлі күнге дейін көзі тірісінде жеткен жетістіктері үшін лайықты құрмет көрмеген.
Жерленген тарих
Қабірдің ашылуы туралы қызықты оқиға бар. Жергілікті тұрғын маман болмаса да, парсының ұлы ақыны Фердоуси өмір сүрген, әйгілі «Шахнама» шығармасын жазған Тус қаласының тарихын жақсы білетін. Жайылымдағы үйіндіге қызыққан тұрғын төмпешікті қазып, көне құрылыстардың іздерін табады. Артынша ол жергілікті әкімдікке хабар береді. Артынан аймаққа арнайы топ келеді. Бұл арнайы топ Әл-Ғазали мазарының үстіндегі күмбездің іргетасын алғаш ашқан. Мазар қазіргі уақытта Ирандағы ең ірі қор Астан Құдс Разави басқаратын қор алаңында.
Ғасырлар бойы Әл-Ғазали қабірінің нақты орны ислам ғалымдары мен сарапшылары арасында болжам мен пікірталас мәселесі болып келді. Бұрын анықталған бірнеше бейіт кейіннен жай ғана монументалды ескерткіштер екені белгілі болды. Мәселен олардың бірі негізгі мазарына бірнеше шақырым жерде орналасқан Аббасид халифасы Харун ар-Рашид салған Харуния деп аталатын медресенің ауласында орналасқан. Бірақ қабірдегі теологтың аты-жөні жазылған жазу және басқа да мәліметтер шынайы деп танылды. Әл-Ғазалиден басқа оның төрт шәкіртінің қабірі де осы жерге жақын жерде табылған болатын.
Селчук стилі
Бастапқыда селчуктардың архитектуралық стилімен сегізбұрыш ретінде салынған күмбездің іргетасы бұл жердің өткені туралы түсінік береді. Бұл аймақ 13 ғасырдың бірінші жартысында осы жерлерді басып өткен моңғол басқыншыларының қирауынан аман қалмаса керек. Күмбездің тозығы - сол сұрапыл заманының куәсі. Бірақ қабір қазір қараусыз қалған. Жарықтарды жасыру үшін бірнеше ұсқынсыз сылақ дақтарынан басқа ештеңе жасалмаған. Бұл немқұрайлылық Иранның тарихи маңызды мазарларды сақтаудағы күш-жігерімен танымалдылығын ескерсек, одан сайын таңғалдырады. Иран Қорлары мен қайырымдылық ұйымының мәліметі бойынша бүгінде Иранда имамзаделердің (он екі имамның ұлдары немесе немерелері) 8 167 кесенесі бар. Кейбір дереккөздерге сәйкес Имамзаде кесенесі ретінде енгізілген қасиетті орындардың көпшілігі 1979 жылғы Иран революциясынан кейін пайда болған.
Бұл тұрғыда Ғазали қабірі жалғыз емес. Сол аймақтың тағы бір маңызды тұлғасы, парсы ғалымы Низамүлмүлктің бейіті де жөндеуді қажет етеді. Бірақ Ғазали бейітіне қарағанда жақсы жағдайда. Бұл екі есімнің ислам өркениетінің тарихында алар орны ерекше. Низамүлмүлктің Ислам мемлекеті философиясына әсері мен Ғазалидің философиядағы ықпалы даусыз.
Ғасырлар бұрын Әл-Ғазали «Құрметті досым, сенің жүрегің - жылтыратылған айна. Сен оның үстінде жиналған шаң-тозаңды тазартуың керек, өйткені ол илаһи сырлардың нұрын көрсету үшін жаралған», - деген болатын.
Оның қабірі шаң мен өрмек торынан арылған кезде ғана оның ілімі әлемде көрініс табады.