Өзбекстан астанасы Ташкентте Түркия мен Өзбекстан арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде құрылған Халықаралық Түркі Мемлекеттері университеті ресми түрде өз жұмысын бастады. Дүйсенбі күні Түркияның Жоғары білім кеңесінде (YÖK) екі ел арасында келісімге қол қойылды. Бұл оқиға екі ел арасындағы академиялық ынтымақтастықтың дамуының маңызды кезеңі ретінде атап өтілді.
Түркияның Жоғары білім кеңесінің төрағасы Ерол Өзвар университеттің әлеуетіне сенім білдіріп, «Университетіміз тек білікті жас ұрпақты дамытуға ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен инновациялық салаларда жетекші жобаларды жүзеге асырып, елдердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосады,» - деді.
Өзвар Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік даму департаментінің басшысы және Жоғары білім кеңесінің төрағасы Одил Абдурахмановпен кездесті. Кездесу барысында Халықаралық Түркі Мемлекеттері университетін құру туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Өз сөзінде Өзвар өзбек делегациясын қабылдағанына қуанышты екенін айтып, университеттің Түркия мен Өзбекстан арасындағы тарихи байланыстар тұрғысынан маңыздылығына тоқталды. «Бүгін біз екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуының тарихи күнін атап өтудеміз. Бұл университет жоғары білім саласындағы маңызды қадам», - деді ол.
Өзвар президент Режеп Тайып Ердоған мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің ерік-жігері аясында ортақ университет құру жұмысының жалғасып келе жатқанын айтып, 25 қаңтарда Ташкентте Халықаралық Түркі мемлекеттері университетін құру туралы жарлықпен ортақ көзқарасты жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық негіз қалыптастырылғанын еске салды.
Университеттің басты миссиясы – екі елге қажетті жоғары білікті мамандарды дайындау, ғылым мен технология саласында болашақ көшбасшыларды тәрбиелеу және академиялық алмасуларды арттыру.
«Университет Түркия мен Өзбекстанның білім мен тәжірибесін біріктіру арқылы екі елдің болашағына елеулі үлес қосып, олардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырады» - деді Өзвар.
Алғашқы кезеңде университет инженерия, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларында білім беру бағдарламаларын ұсынады. Бұл бағдарламалар Стамбул Техникалық университеті, Таяу Шығыс Техникалық университеті, Хаджеттепе университеті және Эгей университеті сияқты Түркияның жетекші университеттерімен бірлесіп жүзеге асырылады.
Абдурахманов Өзвардың қабылдауы үшін алғысын білдіріп, жобаның маңыздылығын атап өтті. Университет құру туралы шешімге Өзбекстан президенті Мирзиеевтің қаңтар айында қол қойғанын еске салған Абдурахманов университеттің Түркияның 4 университетінің білім беру бағдарламалары және профессорларымен жұмысын бастайтынын айтты.
Сондай-ақ ол Түркі әлемінің өркениетінің бір екенін атап өтіп, «Осы университет арқылы жаңа жобалар жасайтынымызға сенеміз» деді.