Иран АҚШ-тың Катардағы Әл-Удейд әскери базасына зымырандармен шабуыл жасады. Бұл әрекет жексенбі күні АҚШ Ирандағы үш ядролық нысанға соққы бергеннен кейінгі шиеленістің күрт күшеюін білдіреді.
Дүйсенбі күні Иранның мемлекеттік телеарнасы “Press TV” хабарлағандай, бұл шабуыл «Башайер әл-Фатх» (Жеңіс хабаршысы) операциясының басталуы ретінде жарияланды.
«Иран Қарулы Күштері АҚШ-тың агрессиясына жауап ретінде Катардағы Әл-Удейд базасына жойқын және қуатты зымыран шабуылын жасады», – деп хабарлады Иранның бұқаралық ақпарат құралдары.
Иранның Жоғарғы Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің мәлімдеуінше, ұшырылған зымырандардың саны АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған шабуылында қолданылған бомбалардың санына тең.
Міне, осы оқиғаға қатысты басты реакциялар:
Біріккен Ұлттар Ұйымы
БҰҰ Таяу Шығыстағы шиеленістің одан әрі күшеюіне қарсы ескерту жасады.
БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик баспасөз мәслихатында «Сіз айтқан хабарларды көрмедім. Бірақ кез келген әскери әрекеттің артуы немесе кек қайтару шабуылдары Бас хатшы (Антониу Гутерриш) ескерткендей, тұрақсыздықты күшейтеді», – деді.
Катар
Катар Иранның өз аумағындағы АҚШ әскери базасына жасаған зымыран шабуылын «егемендігі мен әуе кеңістігін өрескел бұзу» деп айыптады.
Катар Сыртқы істер министрлігінің өкілі “Х” әлеуметтік желісінде мәлімдегендей, бұл шабуылға халықаралық құқық аясында жауап беру құқығына ие.
Сауд Арабиясы
Сауд Арабиясы Иранның «негізсіз» шабуылын айыптап, Доханы қолдауға барлық мүмкіндіктерін ұсынатынын мәлімдеді.
Иордания
Иордания да Иранның Катарға қарсы «агрессиясын» қатаң айыптап, оны Катардың егемендігі мен халықаралық құқықты «ашық бұзу» деп сипаттады.
Франция
Франция президенті Эммануэль Макрон Катармен ынтымақтастығын білдірді.
Макрон шабуылдардан кейінгі «хаос спиралын» тоқтату үшін дипломатияға қайта оралуға шақырды.
Мысыр
Мысыр Иранның Катардағы АҚШ базасына шабуылын айыптап, аймақтағы қауіптің жылдам шиеленісуіне «терең алаңдаушылық» білдірді.
Кувейт
Кувейт те Катардағы Әл-Удейд әуе базасына жасалған шабуылды айыптап, Парсы шығанағы мемлекетіне қолдау білдірді.
Оман
Оман да шабуылды айыптап, Катар халқына қолдау білдірді.
Израиль
Израиль армиясы Иранның АҚШ әскери базаларына қарсы шабуылы елдің «бүкіл әлемге қауіп төндіретінін» дәлелдеді деп мәлімдеді.
«Бұл дұшпандық пен зорлық-зомбылықтың тағы бір дәлелі және Иранның тек Израильге ғана емес, бүкіл Таяу Шығысқа, оның көршілеріне және бүкіл әлемге қауіп төндіретін лаңкестік мемлекет екенін көрсетеді», - деді Израиль армиясының баспасөз хатшысы Эффи Дефрин журналистерге.