Дүниежүзілік банк он жылға созылған соғыстан кейін Сирияға сенімді және қолжетімді электр инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектесу үшін 146 миллион доллар көлеміндегі грантты мақұлдады.
Бейсенбі күні жасалған мәлімдемеде Дүниежүзілік банк бұл грант елдің электр инфрақұрылымын қалпына келтіруге бағытталатынын хабарлады. 14 жылға созылған қақтығыстар салдарынан электр инфрақұрылымы қатты зақымданып, елдің көп бөлігінде отын тапшылығы мен жарықтың жиі сөнуіне әкелген.
Сирияның Энергетика министрі Мұхаммед әл-Башир бұл шешімді қуана қабылдап, аталған қаржы Сирияның электр желісін көршілес Түркия және Иорданияның желілерімен қайта қосу секілді стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталатынын мәлімдеді.
Әл-Башир «X»-тегі жазбасында «Бұл Сирияның энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикасын қалпына келтіру үшін маңызды кезең», - деді. Сондай-ақ Дүниежүзілік банкке қолдауы үшін алғыс білдірді.
Түркияның рөлі артуда
Бұл мәлімдеме Түркияның Сирияның соғыстан кейін қалпына келтіру жұмыстарына қолдауы артып жатқан кезде жасалды.
Мамыр айында Түркияның Энергетика министрі Алпарслан Байрактар Сирияға жылына екі миллиард текше метр табиғи газ жеткізетін екіжақты ірі энергетикалық келісімді жариялаған болатын. Келісім 1300 мегаватқа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді және Сирияның электр тапшылығын жеңілдетеді деп күтілуде.
Дамаскіге барған Байрактар Түркия шұғыл қажеттіліктер үшін Сирияға қосымша 1000 мегаватт электр қуатын тікелей жеткізетінін айтты. Газ және электр энергиясы жөніндегі келісім Анкараның Сирияның тұрақтылығы мен қалпына келуінде ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттемесінің бір бөлігі ретінде қарастырылды.
Бірнеше күннен кейін Түркияның вице-перзиденті Джевдет Йылмаз Сирияның экономикасын қайта құру туралы келіссөздер үшін Сирия президенті Ахмет Шараны Анкарада қабылдады.
Екі тарап инвестиция тарту, мемлекеттік қызметтерді қайта құру және санкциялардан кейін қалпына келтірудің негізін қалау үшін қаржылық және құрылымдық реформаларға арналған жол картасын әзірледі.
Қалпына келтіру жұмыстары
Халықаралық және аймақтық ықпалдастықтың артуына қарамастан, Сирияның қалпына келу жолы күрделі.
Елдің энергетикалық инфрақұрылымының көп бөлігі жойылған немесе жарамсыз жағдайда. Ал халықаралық донорлар саяси белгісіздік пен шешілмеген гуманитарлық мәселелер болғандықтан қалпына келтіруге қаражат бөлуден сақтанып отыр.
Алайда бейсенбі күнгі мәлімдеме оң өзгерісер болып жатқанын көрсетеді. Дүниежүзілік банктің гранты мен Түркияның аймақтық кепілгер әрі энергетикалық әріптес ретінде рөлінің артуы - Сирияның шұғыл даму қажеттіліктерін шешуге бағытталған неғұрлым үйлестірілген халықаралық күш-жігерге бетбұрыс жасаудың белгісі болуы мүмкін.