Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «болашақ ұрпақ үшін өмір сүруге қолайлы орта құруға» шақырып, соңғы жылдардағы жаһандық жылыну, шөлейттену, кейбір жануар түрлерінің жаппай жойылуы және басқа да апаттар «адамзаттың қатыгездігінен табиғаттың қорғануы» екенін атап өтті.
Президент Ердоған жыл сайын 5 маусымда өтетін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған жолдауында «Табиғаттың тілі үнсіз, бірақ оның жауабы күшті және айқын. Оған қалай қарасақ, бізге солай жауап береді» деді.
1972 жылы жарияланған Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні жыл сайын әртүрлі тақырыпта әртүрлі елдердің ұйымдастыруымен атап өтіледі. 2025 жылдың тақырыбы «Жеріміз-болашағамыз. Біз қалпына келтіруші ұрпақпыз». Топырақты қалпына келтіруге, шөлейттенуге және құрғақшылыққа төзімділікке баса назар аударылады. Биыл іс-шаралар Сауд Арабиясында өтеді.
Биылғы жылдың басты мақсаты - топырақты қалпына келтіру. Дүние жүзінде 2 миллиард гектардан астам топырақ деградацияға ұшырап, 3,2 миллиард адам мұның зардабын шегуде. Ал жыл сайын 24 миллиард тонна құнарлы топырақ жоғалуда.
Президент Ердоған жолдауында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінің мақсаты болашақ ұрпақ үшін жасыл және тұрақты әлем құруға шақыру екенін айтты.
«Бұл жауапкершілікті ешкім біреудің мойнына артып, міндеттерін атқарудан жалтарып кете алмайды. Бұл дәуір адамзаттың қоршаған ортаға тигізетін әсері ең жоғары деңгейге жеткен дәуір», - деді ол.
Ердоған Түркияның табиғатты қорғайтын жобаларды қолдайтынын және жасыл энергия, қайта өңдеу, қалдықсыз және табиғатқа қолайлы урбанизация саясаттарын жүзеге асыру үшін жан-жақты қадамдар басқанын айтты. «Жерімізді, суымызды, ауамызды, орман-тоғайымызды мирас емес, ұрпаққа қалдыратын аманат деп білеміз. Бұл аманаттың талаптарын орындау – біздің борышымыз. Біз балаларымызға таза табиғат қалдыру үшін табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеміз», - деп қосты ол.
Президент Ердоған түрік ғасырында Түркияның әлемдегі өмір сүруге ең қолайлы табиғаты бар және табиғи ресурстары тиімді пайдаланатын ел болу мақсатына жететінін айтты.
Сондай-ақ Түркия басшысы энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару, табиғатты қорғау және экологиялық таза тұтыну әдеттері туралы хабардар болуға шақырды.
Түркияның бірінші ханымы Емине Ердоған «Нөлдік қалдықтар» мен соған байланысты бастамалар арқылы экологиялық тұрақтылықты қолдауға бағытталған жобаларды басқарады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының «Нөлдік қалдықтар» жөніндегі жоғары деңгейдегі консультативтік кеңесінің төрағасы ретінде Емине Ердоған қалдықтарды азайту, қайта өңдеуді ынталандыру және қоршаған ортаны қорғау туралы хабардарлықты арттыру үшін жұмыс істейді. Бұл күш-жігер айналмалы экономиканы қолдауға және климаттық дағдарыспен күресуге бағытталған.
Түркияның 2017 жылы іске қосылған «Қалдықсыз» бастамасы 552 миллион ағашты сақтап қалды, 150 миллион тонна парниктік газдар шығарындыларының алдын алды және 1,7 триллион текше метр суды қорғады. Осы бастама аясында 74 миллион тоннадан астам қалдық қайта өңделіп, нәтижесінде 256 миллиард лира (6,7 миллиард доллар) үнемделді.