АҚШ-тың тарифтік шектеулерін айналып өтуге тырысып жатқан Вьетнам мен Испания экономика және қорғаныс салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға келісіп, еркін сауда мен көпжақтылықты қолдайтындарын мәлімдеді.
Трамп әкімшілігі енгізген өзара тарифтердің салдарын сезініп отырған Испания мен Вьетнам АҚШ-қа жеткізілетін вьетнамдық тауарларға салынатын 46 пайыздық және Еуропалық Одақ өнімдеріне салынатын 25 пайыздық тарифтерге қарсы дипломатиялық әрекеттерін күшейтті.
Вьетнам Премьер-министрі Фам Минь Чинь Испания Премьер-министрі Педро Санчестің Ханойға жасаған сапары кезінде Вьетнамның Испаниямен қарым-қатынасын жақын арада «жан-жақты стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтергісі келетінін айтты.
«Қазіргі жаһандық жағдайды ескерсек қиындықтар мен дағдарыстар неғұрлым көбейсе, ынтымақтастықты соғұрлым арттырып, көпжақтылықты ерекше атап өтуіміз қажет», – деді бірлескен баспасөз мәслихатында халықаралық ынтымаққа шақырған Чинь.
Санчес болса Испанияның экономикада ашық саясатты қолдайтынын және сауда соғыстарына қарсы екенін атап өтіп, «Испания ережелерге негізделген халықаралық тәртіпті, еркін сауданы және экономикада ашық саясатты қолдайды. Сауда соғыстары ешкімге пайда әкелмейді, керісінше, баршаға зиянын тигізеді», – деді.
Сондай-ақ Санчес Испанияның Вьетнамдағы ықпалын әсіресе теміржол инфрақұрылымы саласында кеңейткісі келетінін айтты. Ол елінің жоғары жылдамдықты теміржол жобаларындағы тәжірибесін Вьетнаммен бөлісе алатынын жеткізді.
Вьетнам қазіргі кезде әлсіз күйдегі теміржол жүйесіне инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл аяда ел астанасы Ханой мен іскерлік орталық Хошимин қаласын байланыстыратын 1 541 шақырымдық жоғары жылдамдықты теміржол желісі мен Қытаймен жалғасатын теміржол жобалары қарастырылуда.