Президенттің құттықтауы дүйсенбі күні Түркияның Коммуникация басқармасы арқылы “X” әлеуметтік желісінде жарияланды.
Ердоған Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің 1919 жылы бастаған Тәуелсіздік күресінің ел тарихындағы бетбұрысты кезең болғанын еске салып, «Ата-бабаларымыз қасиетті аманат етіп тапсырған отан мен Республикаға ие болып, оны мәңгілік қыламыз. Түркия Республикасын барлық салада алға жетелеп, биікке көтеретін қадамдарды батыл түрде жалғастырып келеміз» – деді.
Президент түрік жастарын тек ертеңнің тірегі ғана емес, сонымен қатар қоғамдық өзгерістердің қозғаушы күші ретінде көретінін айтты. Ол жастардың қуаты, сенімі және армандары Түркияның «өркениеттік мұрасын» жүректерінде алып жүріп, «Түркия ғасырына» ізін қалдыратынына сенімді екенін жеткізді.
Түркияның болашағы
Ердоған қазіргі Түркияны құру барысында елдің жастар әлеуетін және ресурстарын ұсақ саяси тартыстарға ысырап етпей, өзекті мәселелерді шешіп, оларды түбегейлі жоюға күш салып жатқандарын айтты:
«Жастарымызға бейбіт, тыныш, жоғары технологиямен жабдықталған әрі гүлденген ел қалдыру уәдемізді орындау үшін бар күшімізді жұмсап жатырмыз» – деді ол.
Президент жастардың ғылымнан өнерге, спорттан ауыл шаруашылығына, дипломатиядан ядролық технологияға дейінгі барлық салада өз қабілеттерін ашуына жағдай жасап жатқандарын және «үлкен әрі қуатты Түркия» мұратын жүзеге асыру жолында жастармен қатар жүретінін атап өтті.
«Армандарын жүзеге асыру үшін аянбай еңбек ететін, ешқашан берілмей, ата-бабасынан қалған өркениет мұрасын биіктетуді мақсат еткен әрбір жасты соңына дейін қолдай береміз» – деді Ердоған.
Президент Ердоған сондай-ақ Гази Мұстафа Кемал Ататүрік пен Тәуелсіздік соғысының барлық қаһармандарын құрметпен еске алды.
1919 жылы 19 мамыр күні болашақта Түркия Республикасын құратын Ататүрік Стамбулдан Қаратеңіздегі Самсун қаласына келіп, төрт жылға созылатын және Түркияны жаңа мемлекетке айналдыратын күресті бастаған.
1938 жылы Ататүрік бұл күнді түрік жастарына арнап Жастар және спорт мерекесі ретінде жариялады. Бұл ұлттық мереке жыл сайын ел көлемінде ресми шаралармен, спорттық және мәдени бағдарламалармен атап өтіледі.