Алайда БҰҰ мен көптеген халықаралық гуманитарлық ұйым Израильдің соғыс салдарынан күйреген Газаға көмек жеткізу жоспарын қабылдамай отыр. Себебі бұл жоспар гуманитарлық көмекті жеке қауіпсіздік компаниялары арқылы таратуға негізделген.
Израиль үкіметі бұл жоспарды нақты қай күні жүзеге асыратынын ресми түрде жариялаған жоқ. Жоспар Премьер-министр Беньямин Нетаньяхудың кабинетіндегі барлық министрлер тарапынан мақұлданғанымен ультраұлтшыл Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир бұл жоспарды қолдамады.
Жексенбі күні мәлімдеме жасаған Оккупацияланған Палестина аумақтарындағы гуманитарлық көмек жөніндегі топ былай деді: "Бізге ұсынылған жоспардың құрылымы — Газаның көптеген бөлігі, әсіресе қозғалу мүмкіндігі шектеулі және ең осал тұрғындары көмекке қол жеткізе алмайтынын білдіреді."
Сондай-ақ "Бұл жоспар өмір сүруге қажетті материалдарға бақылау орнату арқылы қысым көрсету тактикасын күшейтуге бағытталған. Яғни бұл әскери стратегияның бір бөлігі," - деп мәлімдеді.
Наурыз айының ортасында Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім бұзылғаннан кейін Израиль Газадағы шабуылдарын күшейтті. Бұл себептен жүздеген адам қаза тауып, Газа аймағының кең аумақтары басып алынды. Қазіргі уақытта Израиль Газаның шамамен 50 пайызын бақылауда ұстап отыр.
Атысты тоқтату аяқталғанға дейін Израиль Газаға гуманитарлық көмекті толықтай тоқтатқан болатын. Азық-түлік, жанармай және ауыз су жеткізу де тоқтады. Бұл жағдай 19 айға созылған соғыстағы ең ауыр гуманитарлық дағдарысты туғызды. Аштықтан өліп жатқан балалар мен аздаған тамақ үшін таласып жатқан адамдардың бейнелері көмек ұйымдарын дабыл қағуға мәжбүрледі.
Жоспар қалай жүзеге аспақ?
Израиль әскери билігі жұма күні Біріккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық гуманитарлық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдеріне еш өзгеріс енгізуге болмайтын, нақты шарттармен ұсынды. Бұл ұйымдар бұрыннан бері Тель-Авивке көмек жеткізуге рұқсат беру жөнінде қысым жасап келген еді.
Израиль армиясы бұл ұсынысты "қабылда немесе бас тарт" қағидатымен ұсынды. Израиль Газа секторына күніне шамамен 60 жүк көлігі көлемінде негізгі азық-түлік пен тұрмыстық тауар жіберуге рұқсат беретінін мәлімдеді. Бұл наурыз айында аяқталған екі айлық бітім кезінде жіберілген көлемнің тек 10 пайызына тең. Жүк көліктері Газаның оңтүстігіндегі Керем Шалом шекара бекетінде Израиль әскері тарапынан тексеруден өтеді.
Көмек алу үшін гуманитарлық орталықтарға кіретін адамдардың жеке басын растау мақсатында бет-әлпетті тану технологиясы қолданылады. Жоспардың бастапқы кезеңдерінде жұмыс істеген бұрынғы израильдік әскери шенеунік: "Қажетті көмекті қажетті мөлшерде, бір грамм артық болмайтындай, тікелей Газадағы тұрғындардың қолына жеткізу және ХАМАС-тың оны иеленуінің алдын алу үшін барлық операциялық жоспарды жасадық," деді.
Көмектің бір бөлігі жеке қауіпсіздік компанияларын жалдауға жұмсалады. Бұл компаниялар гуманитарлық жүктердің ХАМАС-тың қолына өтіп кетуін болдырмауға жауапты болады және оларды Швейцарияда тіркелген жаңа коммерциялық емес ұйым басқарады.
АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілінің хабарлауынша, атауы жарияланбаған бір жеке қор гуманитарлық көмекті үйлестіру және бақылау жұмыстарын жүргізеді. Америка Құрама Штаттары, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар осы көмектердің палестиналық қарулы топтардың қолына түспеуін қамтамасыз ету мақсатында дәл осы қор аясында жұмыс істеулерін қалайды.
«Газада бейбіт тұрғындардың қоныс аударуы»
Көмек ұйымдары көмектің Газаның оңтүстігіндегі бірнеше ғана нүктемен шектелуі алалаушылық сипатта болуы мүмкін екенін және бұл бейбіт тұрғындардың бұдан әрі де күштеп көшірілуіне алып келуі ықтимал екенін айтуда.
БҰҰ-ның мәліметінше, 2023 жылдың қазан айында Израиль соғысты бастағаннан бері 400-ден астам гуманитарлық қызметкер қаза тапқан, олардың көпшілігінің Израиль күштерінің қолынан мерт болғаны хабарланған. Сонымен қатар көмек беру қызметкерлерін қоса алғанда мыңдаған палестиналық Израиль әскері тарапынан тұтқындалған.
Көмек тарату орталықтарында биометриялық сканерлеу жүргізу жоспары гуманитарлық ұйымдар арасында қызметкерлер мен көмек алушылардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық туғызды.
«Адамзаттық апат»
Палестиналық қарсылық тобы ХАМАС дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Газада гуманитарлық көмек жеткізуге қатысты Израиль ұсынған жаңа жобаны «саяси бопсалау» деп атап, соғыс күйіндегі аймақта қалыптасқан «гуманитарлық апатқа» Израильді жауапты деп айыптады.
ХАМАС «Көмекті саяси бопсалау құралы ретінде пайдалануды қабылдамаймыз және гуманитарлық қағидаттарға қайшы келетін кез келген жоспарға қарсы БҰҰ-ның ұстанымын қолдаймыз», — деді.
Сондай-ақ Израильдің наурыз айынан бері “көмектің кіруін үздіксіз тосқауылдауы” Газадағы «гуманитарлық апатқа толық жауапты» екенін мәлімдеді.
Израильдің бұл көмек жоспары Израиль Қауіпсіздік Кабинетінің Газадағы әскери операцияны кеңейту және аймақты толық басып алу туралы жоспарын бірауыздан бекітуімен қатар жарияланды.
Мәлімдемеде «жоспар әскердің Газаны жаулап алып, оны бақылауда ұстауын көздейді» делінген. Израильдің “Channel 12” телеарнасы «бұл жоспар палестиналықтарды Газаның солтүстігінен оңтүстікке күштеп көшіруді де қамтиды» деп хабарлады.
Көмек ұйымдары бұл жоспарды «Тіршілікті қамтамасыз ететін материалдар арқылы бақылау орнату және қысым жасау амалы ретінде жасалғандай» деп сипаттады.
«Әлем көшбасшыларын өз ықпалын пайдалана отырып бұл жағдайды өзгертуге шақырамыз. Қазір — әрекет ету уақыты» - деді олар.